03 сәу, 2020 сағат 09:33

Қазақстанда ТЖ тәртібін қамтамасыз етуге 24 қаладан 10 мың сарбаз жұмылдырылды

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев өңірлік әскерді арнаулы жиынға шақыру жұмысы жеңіл әрі шектеулі сипатта өтетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Азаматтар тұрғылықты жері бойынша шақырылады. Әр кеш сайын үйіне қайтады. Әскери қызметке жұмысқа барғандай таңертең келеді. Аймақтарда арнаулы жиын Бас штабтың келісімімен жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша кезең-кезеңімен өткізіледі. Яғни бір уақытта болмайды. Арнаулы жиынға шақыртуды қабыл алу – күрделі кезеңде патриоттықты таныта білудің мүмкіндігі. Қарулы күштер бірінші күннен бастап әртүрлі міндеттерді орындауға атсалысып келеді. Қазірдің өзінде елдегі 24 қалада 10 мыңға тарта әскери қызметкер жұмылдырылған. Олар патрульдеу, дезинфекциялау және тағы басқа қажетті шаралардың бәрін атқарып келеді. Бүгінгі күні әлеуметтік маңызы бар 2 мыңға тарта нысан тазартылды. Радиациялық, химиялық және биологиялық қауіпсіздікке байланысты әскери қызметшілер азаматтық қорғаныс саласына бейімделіп, міндеттерін атқаруда», - деді Нұрлан Ермекбаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында. 

Министрдің айтуынша, қорғаныс саласы Денсаулық сақтау министрлігіне көмек көрсетіп, қазір Алматы облысында әскери-далалық аурухана орналастырылған. 

«Әскери-көліктік авиация азаматтарды шетелден эвакуациялау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жалпы өңірлік әскерді арнаулы жиынға шақыру сипаты жағынан жеңіл әрі шектеулі болады. Азаматтар үшін ешқандай ыңғайсыздық туындамайды», - деді Қорғаныс министрі. 

Еске сала кетсек, кеше Қазақстан Президенті әскери міндеттілерді арнаулы жиынға шақыру туралы Жарлық шығарған еді.