24 қар, 2020 сағат 13:04

Қазақстанда цифрлық валютаны енгізу мәселесі қарастырылуда

ҚР Ұлттық банкі орталық банктің (Central bank digital currency – CBDC) цифрлық валютасын Қазақстан Республикасында енгізу мәселесін зерттеуді қолға алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Халықаралық есептер банкі жүргізген сауалнаманың 2020 жылдың басындағы мәліметіне сәйкес, СBDC бойынша жұмысты (зерттеу жүргізуден бастап, пилоттық жобаларды іске асыруға дейін) орталық банктердің сауалнамадан өткен 80% жүргізген. 

«Әлемдегі көптеген орталық банктер үшін төлем жүйелерін цифрлық трансформациялау өте өзекті саналады. Қазақстан Ұлттық банкі басқа елдердің 28 орталық банкімен бірге цифрлық валюталар бойынша негізгі халықаралық зерттеу тобының жұмысына қатысады.Ұлттық банк мамандары Халықаралық есептер банкімен және Халықаралық валюта қорымен бірлесе отырып, цифрлық валютаны реттеу тәсілдерін зерделей бастады», – деп хабарлады банктен.

Сонымен қатар мәлім етілгендей, Қазақстан Ұлттық банкі Қытай Халық Республикасында, Оңтүстік-Шығыс Азияның бірқатар елінде, Канадада, Сингапурда және Еуропалық одақта цифрлық валютаны енгізу жөніндегі пилоттық жобалардың бақылаушысы болып табылады. 

«Қазір әртүрлі технологиялық инфрақұрылым мен реттеу тәсілдері ескерілетін Қазақстан Республикасында цифрлық валютаны енгізудің әртүрлі сценарийіне арналған баяндама әзірленіп жатыр. Баяндама 2021 жылдың екінші жартысында жарияланады.

Бұдан кейін құжат мүдделі мемлекеттік органдармен, халықаралық қаржы ұйымдарымен, нарық қатысушыларымен және сарапшылармен талқыға түсіп, содан кейін Қазақстан Республикасында орталық банктің цифрлық валютасын кезең-кезеңімен енгізу бойынша пилоттық жоба іске асырылады», – деп атап өтті банктен.

CBDC технологиясы ел аумағында төлемдердің тиімділігі мен қолжетімділігін одан әрі жетілдіру үшін қолма-қол ақшамен және қолма-қол ақшасыз төлемдердің артықшылықтарын біріктіруге тиіс. Бұл ретте цифрлық валюта төлем инфрақұрылымын әртараптандыруға арналған. Пилоттық кезеңнің қорытындысы бойынша CBDC Қытайда, Жапонияда, Канадада және Еуропалық одақ елдерінде тестілеуден өтуде. CBDC ресми деңгейде енгізу Ресей Федерациясында қарастырылып жатыр.