09 қыр, 2019 сағат 12:02

Қазақстанда тауарлардың сапа стандарты қайта қаралады

Қазақстанда тауарлардың сапа стандарты қайта қаралады. Бұл жайында бүгін ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Экономиканың халықаралық трансформациялануы жағдайында ішкі сауда саласы да айтарлықтай өзгерісті талап етеді. Бұл ретте бізге өнімдеріміздің бәсекеге қабілеттілігі мәселесіне назар аударғанымыз жөн. Осы орайдағы жұмыстар Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сайлауалды тұғырнамасы аясындағы тапсырмаларын жүзеге асыру үшін жүргізіледі. Онда нарықта сапалы, бәсекеге қабілетті, ең бастысы қауіпсіз отандық өнімдерді молайту туралы нақты айтылған», - деді министр  ведомствоның Мемлекет басшысының таяудағы Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіруге арналған алқа отырысында.

Ол тауар сәйкестігінің сапа стандарты да қайта қаралатындығын атап өтті.

«Бүгінгі күні аталған стандарттар тізілімін толықтыру үшін халықаралық стандарттар пулын әзірледік. Қазіргі уақытта біз оларды өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігі тұрғысынан қайта қарастыруымыз қажет. Бұл ретте сауда-тарату орталықтары желісін құру сынды жаңа бағыттар болады», - деді Бақыт Сұлтанов.