07 қар, 2018 сағат 10:39

Қазақстанда тарифтері екі есе арзан әуе компаниясы құрылады

2019 жылы «Эйр Астана» FlyArystan қолжетімді әуе компаниясын іске қосады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа әуе компаниясы Easyjet, Indigo, Cebu Pacific, Air Asia халықаралық лоукостерлерінің үлгісі бойынша арзан модельде жұмыс істейтін болады.

Еске сала кетсек, 2 қарашада Мемлекет басшысы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбекті, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің мүшесі Ричард Эвансты және «Эйр Астана» әуе компаниясының президенті Питер Фостерді қабылдаған болатын. Кездесу соңында Мемлекет басшысы «Эйр Астана» базасында бюджеттік әуе компаниясын құруды тапсырды.

Әуе компаниясы өкілдерінің айтуынша, FlyArystan қазіргі тарифтерден екі есе арзан тұратын әуе билеттерін ұсынады. Әуе компаниясы жолаушыларды 180 орынға арналған Airbus A320 ұшағымен тасымалдайтын болады.

Алғашқы уақытты қазақстандық лоукостер 4 ұшақты пайдаланады. 2022 жылы олардың саны 15 ұшаққа дейін артады.

«Бюджеттік әуе компаниясы Қазақстанның қалың бұқарасына арналған. Біз өңірлердегі қарапайым тұрғындардың ұшақпен ұшқанын қалаймыз. Бұл - біздің миссиямыз. Сіз өзіңізге кез келген әуе компаниясын таңдай аласыз. Егер жолаушының жүгі болмаса, ол лоукостерді пайдалана алады. Жаңа тасымалдаушы барлық халықаралық қауіпсіздік талаптарына сай болады», - деді «Эйр Астана» АҚ президенті Питер Фостер.

Сондай-ақ, Air Astana президенті жаңа әуе компаниясының басшысы Тим Джорданды таныстырды. Ол Cebu Pacific және Virgin Blue сияқты бюджеттік әуе компанияларында 15 жыл бойы жұмыс істеген.

Оның айтуынша, жаңа компания акционерлердің инвестицияларын, мемлекеттік субсидияларды немесе сыртқы қаржы қолдауын жұмылдырмайды.

«Air Astana-да ұшқыштар дайындау жоғары халықаралық деңгейде, бізде де сондай болады. Біз сондай деңгейді ұстап тұрамыз», - деді FlyArystan ұшу өндірісі департаментінің жетекшісі Бердіхан Агмуров.

FlyArystan 2019 жылдың көктемінен ұшуды бастауды жоспарлап отыр. Әуе компаниясы Қазақстанның бірнеше қаласына рейс жасамақ.

«Ұшу кестесі мен бағыттар жиілігі 2019 жылдың наурыз айының басында белгілі болады. Кез келген азамат  наурыздың басында билеттерді брондай алады. Болашақта біз Қазақстанның барлық әуежайларын қамтимыз. Бізде Алматы-Ақтау ең ұзақ маршрут болып отыр. Оның ұшу уақыты 3,5 сағатқа созылады. FlyArystan ұшақтары жолда жанармай құю үшін тоқтамай-ақ, тікелей рейс жасай алады», - деді AirArystan әуе компаниясының жоспарлау жөніндегі директоры Рафаэль Тайжанов.

Айта кетсек, ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек жаңа бюджеттік компанияның орташа бағасы шамамен 16-18 мың теңге аралығында болатынын атап өткен болатын. Билет құны тек орын үшін алынады. Жүк пен тамақтың ақысын бөлек төлеуге болады. Соның есесінен ішкі рейстердің бағасы біраз арзандай түспек.