08 там, 2019 сағат 10:23

Қазақстанда сұраныс төмен мамандықтар тізімі жарияланды

Еңбек сарапшылары елімізде аз сұранысқа ие мамандықтарды атады. Соның ішінде заңгерлерге сұраныс жоқ, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Еңбек ресурстарын дамыту орталығына сілтеме жасап.

Еңбек ресурстарын дамыту орталығы сарапшыларының мәліметінше, биылғы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша еңбек нарығында заңгерлердің 3,6 мыңға жуық түйіндемесі талап етілмеген күйінде қалды. Айта кету керек, жарты жылда электронды еңбек биржасында барлығы 1 221 заңгерге бос жұмыс орны орналастырылған. Алайда, 4 818 адам осы салада жұмыс іздеген.

Сондай-ақ, төмен сұранысқа ие мамандықтар бестігіне, әлеуметтік қызметкерлер (2,4 мыңнан астам түйіндеме), аспаздар (2 мың), компьютер техниктері (1,5 мың) және кеңсе қызметшілері (шамамен 1,5 мың) кірді.

Жоғары сұранысқа экономистер, шаштараздар, қаржыгерлер, тігіншілер мен техник-технологтар кірді.

Сонымен қатар, 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында жұмыс берушілер тарапынан төмендегі мамандықтары бар жұмыс іздеушілердің түйіндемесі аз сұранысқа ие болды: сатушы-консультант, дене шынықтыру және спорт мұғалімі, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі (орта мектеп), маникюр шебері, бухгалтер, кондитер, жылу қазандығы операторы, бастауыш сынып мұғалімі, бухгалтерлік қызметші, эколог, заңгер-кеңесші, инженер-экономист, техник-механик, педагог (бастауыш мектеп), визажист.