25 ақп, 2020 сағат 10:39

Қазақстанда су тасқыны кезеңінің алдында гидротехникалық құрылыстарға талдау жүргізілді - Громов

Бүгін ҚР Үкіметі алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Сергей Громов су тасқыны кезеңі қарсаңында елімізде барлық гидротехникалық құрылыстарға тексеру жүргізу туралы айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Алдағы су тасқыны маусымына дайындық мақсатында Су ресурстары комитетінің бассейндік инспекциялары ТЖ органдарының, жергілікті атқарушы органдардың және «Қазсушар» РМК өкілдерімен бірлесіп гидротехникалық құрылыстарға көзбен шолып тексеру жүргізді. Инспекциялар қажетті іс-шараларды өткізу туралы ұйғарымдар мен ұсынымдар берді.

«Алдын ала гидротехникалық болжамға сәйкес, биыл қар қоры мол болғандықтан, орташа норма жекелеген жерлерде 40-100%-ға жоғары 7 өңір анықталды, атап айтсақ: Нұр-Сұлтан қаласы, ШҚО, СҚО, Қарағанды, Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстары. Бізде министрлікте су тасқынына қарсы комиссия құрылып, тиісті жоспарлар әзірленді. Үлкен су тасқыны орын алған жағдайда біздің су қоймаларымыз транзиттік тәртіпте жұмыс істейтін болады», — деді С. Громов.

Оның айтуынша, су қоймаларына мониторинг тәулік бойы жүргізіледі. 

«Алдағы су тасқыны маусымына дайындық мақсатында біз төтенше жағдайлардың туындау қаупі аса жоғары жерлер көрсетілген карта жасадық. Жауған қарды ескере отырып, өзен арналарын тазалау жұмыстарын жүргізу қажет. Барлығы бақылауға алынған, бөгеттерді шайып кету қаупі әзірге байқалмайды», — деді вице-министр.

Бүгінде иесіз ГТҚ бойынша мәселе министрліктің ерекше бақылауында.

«2017 жылдан бастап жергілікті атқарушы органдар ауқымды жұмыстар атқарды, иесіз қалған нысандар саны 49-дан 10-ға дейін азайды, дегенмен бұл жұмысты әлі де жалғастыру қажет», — деді ол. 

Сонымен қатар министрдің орынбасарының бағалауынша, аталған иесіз су қоймалары бүгінде еш қауіп төндірмейді.

Атап өткен жөн, республика бойынша 463 гидротехникалық құрылысты жөндеу қажет. Осы жылдың су тасқыны кезеңіне дайындық мақсатында 2019 жылдың күзінде өңірлер 163 шақырым қорғаныс бөгеттерін салу және жөндеу, жағалауды бекіту, түбін тереңдету, 330 шақырым су тасқыны қаупі бар өзен арналарын түзету, 116 шақырым су бұру арналарын орнату, 2006 шақырым арнаны, арықтарды, автомобиль және темір жол көпірлері астындағы 10314 бірлік су өткізу құрылыстарын тазалау жұмыстарын жүргізді.

Су тасқынының алдын алу және салдарын жою үшін 13,5 мың тонна жанар-жағар май, 152,6 мың тонна инертті материалдар, 840 мың құм салынған қап және 47 тонна жарылғыш заттар қоры дайындалды, елді мекендерден 8,8 млн текше метрден астам қар шығарылды. Эвакуацияланған халықты қабылдайтын 1707 пункт дайындалды, эвакуациялау бағыттары жаңартылды, жалпы саны 9 мың адамнан және 1730 бірлік техникадан тұратын ІІМ күштері мен құралдары дайындалды.