20 ақп, 2018 сағат 11:21

Қазақстанда енді «педагог-мастер» санатындағы мұғалімдер болады

Елімізде мұғалімдердің біліктілігі жоғары, бірінші, екінші санатымен өлшенеді. ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, енді ведомство «педагог-мастер» атты жаңа санат енгізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Бүгінде 1-санаттағы мұғалімнің жұмыс өтілі әртүрлі болуы мүмкін. Үкіметте бекітілген түрлі коэффицент бар. Коэффицент ол – санатқа, жұмыс өтіліне және т.б. байланысты», - деді Асхат Аймағамбетов.

Оның айтуынша, мұғалімдердің біліктілігін есептейтін жаңа санат енгізу жоспарланып отыр.

«Қазір бірінші, екінші, жоғары деген сияқты санаттар бар. Енді жаңа санатты енгізу жоспарланып отыр. Бүгінгі жүйемен өз санаты бойынша үстемақы алатын әріптестердің санаттары мен үстемақылары сақталады. Президент тағы да жаңа үстемақылар болуы мүмкін екенін айтты. Жаңа аттестациялау жүйесі бойынша мұғалімдер қосымша үстемақыға таласуы мүмкін. (...) Айтпақшы, 83-бұйрық бойынша бірінші санат ол ең жоғары емес, одан да жоғары санат бар. «Педагог-мастер» деген жаңа санат енгізуді жоспарлап отырмыз. Олар ұлттық біліктілік тестін қорғап шығып, өз еңбекақысына 50 пайыздық үстемақы алатын болады», - деді вице-министр.