07 там, 2017 сағат 09:11

Қазақстанда медициналық қызметтер қымбаттады

Қазақстанда медициналық қызметтер қымбаттады. Бір жыл ішінде алғашқы қабылдау құны - 10%, тексеру мен анализ құны - 8-13 пайызға көтерілді, деп хабарлайды energyprom.kz.

Шілде айының қорытындысы бойынша ҚР-дағы медициналық қызметтер өткен жылмен салыстырғанда біршама ұлғайған: дәрігердің алғашқы қабылдауы - 9,9%-ға, іш қуысын ультрадыбыстық зерттеу - 13%-ға, жалпы қан анализі - 7,6%-ға және жалпы несеп анализі - 8,5%-ға қымбаттаған.

Массаж қызметтері 6,5%-ға, шипажай қызметтері - 6,8%-ға көтерілген. Стоматология қызметтерінде де бағалардың өсуі байқалады: тіс жұлу құны бір жылда 10%-ға өскен.

Сонымен бірге, денсаулық сақтау жүйесіндегі еңбекақы өсімі айтарлықтай жоғары емес. 2017 жылдың ІІ тоқсан қорытындысында жалпы денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер саласындағы орташа айлық жалақы өсімі 6,1% пайыз ғана болған, бұл ретте нақты жалақы индексі сала қызметкерлерінің сатып алу қабілетінің 1,3%-ға азайғанын көрсетті.

Өзге әріптестерімен салыстырғанда, аурухана ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысы көбірек өскен (бір жылда 7%-ға), дегенмен бұл сала қызметкерлерінің де сатып алу қабілеті бір жылда 0,5%-ға төмендеген.

Одан бөлек, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер саласының қызметкерлері ҚР бойынша жалпы қызметкерлерден 24,3%-ға төмен жалақы алады.

Дегенмен, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов болашаққа жағымды болжам жасап отыр: міндетті медициналық сақтандыру жүйесіндегі дәрігерлердің орташа жалақысы артатын болады. Министрдің пікірінше, клиникалардың табысы көбейген соң, жалақы өседі. Үздік клиникалар бәсеке негізінде өз табыстарын көбейтіп, дәрігерлерінің жалақысын көтере алады.

Еске сала кетсек, МӘМС бойынша алғашқы жарналар мен аударымдар биылғы шілде айында түсе бастады.

2017 жылдың ІІ тоқсанының қорытындысы бойынша, бір жылда денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер жүйесіндегі қызметкерлер саны 8%-ға өскен. Бәрінен бұрын аурухана ұйымдарының қызметкерлер саны артқан: олардың тізімдік саны 8%-ға, нақты саны 7,9%-ға көбейген. Әлеуметтік қызмет саласында тұрғылықты жермен қамтамасыз етпейтін қызмет көрсету сегментінде қызметкерлердің көбейгені байқалады, олардың тізімдік саны 9,3%-ға, нақты саны 11,5%-ға артқан.

Жалпы алғанда, өткен жылы денсаулық сақтау саласындағы жұмыспен қамтудың айтарлықтай өскені байқалады. 2016 жылдың қорытындысы бойынша, дәрігерлер саны 7%-ға, 74,6 мыңға дейін артқан, орташа медициналық қызметкерлер саны - 4,2%-ға (170,8 мың адам) өскен. 2015 жылы дәрігерлер санының артуы 1,2%-ды, орташа медициналық қызметкерлер санының көбеюі - 2,4%-ды құраған.