14 қар, 2018 сағат 10:04

Қазақстанда латын графикасындағы тұңғыш жалпыхалықтық диктант басталды

Қазақстанда латын графикасындағы әліпбиге негізделген жалпыхалықтық диктант басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Диктант бір уақытта өңірлердегі тілдерді дамыту басқармалары дайындаған арнайы аудиторияларда өтеді. Акцияның ұзақтығы - 30 минут.

«Республикалық акция еліміздің барлық өңірін қамтиды және оған қатысу үшін шамамен 1,5 млн қазақстандық тіркелген болатын. Бірақ соңғы күндері тағы 500 мың адам диктантқа қатысу үшін тіркелді. Яғни, шамамен 2 млн-ға жуық адам жаңа әліпбиді меңгеру деңгейін бағамдай алады», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы Айдар Қырықбай.


Сондай-ақ, қашықтықтан қатысуға ниет білдірген республика тұрғындары үшін диктантты тыңдау Астана уақытымен сағат 11.00-де emle.kz, tilalemi.kz сайттарында, «Шалқар»  және «Қазақ радиосы» арналарында тікелей эфирде қолжетімді болмақ.

Диктанттың тақырыбы - «Рухани жаңғыру» бағдарламасы. Мәтін 80-ге жуық сөзден тұрады. Диктант аяқталған соң, мәтіннің жазбаша нұсқасы emle.kz, tilalemi.kz сайттарында жарияланып, әр қатысушы жаңа қазақ әліпбиін меңгеру деңгейін тексере алады.