21 мау, 2019 сағат 15:15

Қазақстанда қосымша 15 әуежай қалпына келтіріледі

2022 жылға дейін қосымша 15 әуежайды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы Парламент Сенатында көлік-логистикалық қызметтерді дамытуға арналған дөңгелек үстел отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Жергілікті әуе желілері мен әуежайлары жағдайын жақсарту маңызды. Бүгінде Қостанай әуежайындағы ұшу-қону жолағын жаңарту жұмыстарын жүргізудеміз. 2020 жылға дейін еліміздің барлық әуежайларындағы ұшу-қону жолақтарын қайта жөндеуден өткізуді аяқтау жоспарланып отыр», - деді вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде жергілікті маңыздағы Үржар, Үшарал, Зайсан әуежайлары қызмет көрсетуде. Баянауылда да ұшу-қону жолағын жаңарту жұмыстары аяқталуда.

«Бізде 500 млн теңге сомасындағы сметалық құжатнаманың типтік жобасы бар. Осы орайда жергілікті әуе желілерін қалпына келтіру үшін оны жергілікті әкімдіктерге жолдадық. 2022 жылға дейін қосымша 15 әуежайды қалпына келтіруді жоспарға енгіздік», - деді Б. Камалиев.