26 нау, 2020 сағат 20:55

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 113-ке жетті

26 наурыз кешкі сағат 23.55-дегі дерек бойынша, Жамбыл облысында тағы екі адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Елде қазір 113 адамға вирус жұққаны анықталды: Алматыда - 40 адам, Нұр-Сұлтанда - 61 адам, Қарағандыда - төрт адам, Жамбыл облысында - үш адам, Шымкентте - екі адам, Алматы облысында - бір адам, Ақтөбе облысында - бір адам, Солтүстік Қазақстан облысында бір адам.

26 наурыз кешкісін Нұр-Сұлтанда бір әйел адам Covid-19 дертінен қайтыс болды. 25 наурызда Алматыда бір, Нұр-Сұлтанда бір науқас дертінен айыққан еді.

Қазақстанда коронавирусқа байланысты 15 сәуірге дейін төтенше жағдай. 19 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары карантинге көшті.

Ал 28 наурыздан бастап елдегі ірі үш қалада - Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкентте шектеулер күшейеді:

  • Енді үш қаладағы жұрт жұмысқа, азық-түлік және дәрі алуға ғана шыға алады.
  • Парк, жаяу жүргіншілер көшесі, жағалаулар, ойын алаңдары жабылады.
  • Қоғамдық көліктердің жұмысы шектеле бастайды.
  • Қоғамдық орындарда үш адамнан артық жиналуға болмайды. Бұл шектеудің бір отбасының адамдарына қатысы жоқ.
  • Балалар ересектерсіз көшеге шығуға тыйым салынады.

Өткен жылдың соңында Қытайда алғаш рет тіркелгелі бері әлемде коронавирус жұқтырғанар жарты миллионға жуықтап қалды. АҚШ-тағы Джон Хопкинс университетінің дерегінше, 26 наурызда әлемде вирус жұқтырғандар 490 мыңнан асты. 22 мыңнан аса адам қаза болып, 119 мыңнан астам науқас дерттен айықты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid-19 коронавирусын "пандемия" деп жариялаған.