09 сәу, 2020 сағат 19:05

Қазақстанда көліктердің 167 моделі шығарылуда

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Қазақстанда сатылған автокөліктердің әрбір екіншісі отандық кәсіпорындардан шығарылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Әлемдік экономикалық қиын жағдайлардың қалыптасуына байланысты Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы дағдарысқа қарсы шаралар пакетін қабылдауды тапсырды. Ол шаралар туралы Үкімет те, Үкімет басшысы Асқар Ұзақбайұлы да бірнеше мәрте айтқан болатын», - деді Дәурен Абаев «Ашық диалог» бағдарламасында. 

Дәурен Абаев осы шаралардың негізгілеріне тоқталып өтті.

«Басты басымдық – жұмыспен қамту, жұмыс орындарын сақтап қалу. Мәселен біздің елдегі тау-кен кешендері мен жалпы өңдеу өнеркәсібінде 700 мың адам жұмыс істейді. Олардың бірде-бірі жұмысын жоғалтпайды. Құрылыс саласында керісінше жұмыс ауқымын 20 млн шаршы метрге көбейту көзделген. Осының арқасында жұмыс орындары сақталып қана қоймай, қосымша ашылатын да болады. Өте маңызды мәселе: жоспарланған жолдардың бәрі де биыл қолданысқа беріледі», - деді ол.

Дәурен Абаев мұнай бағасының құлдырап кеткенін, алайда қазіргі жағдайда мемлекет үшін оның бағасы емес, жұмыс орындарын сақтап қалу маңыздырақ екенін жеткізді.

«Себебі мұнай-газ саласында 1500-ге тарта компания жұмыс істейді. Ол 100 мыңдаған жұмыс орыны деген сөз. Индустрияландыру бағдарламасы қанша мәрте сынға ұшырағаны есіңізде болар. Индустриялық даму бағдарламасы басталғалы бері 1300-ге тарта жоба ашылды. Оларда 250 мың адам жұмыс істеуде. Осының арқасында биыл машина құрау деңгейі 20 пайызға, жеңіл өнеркәсіп 8 пайызға артты. Мұндай көрсеткіштеріміз жетерлік. Өңдеу өнеркәсібіндегі жиынтық өндірістің көлемі индустриализация жылдарында 71 трлн теңгеге жетті. Қазақстанда тепловоз, автобус, вагон, жүк тасымалдау кемелері, мобильді-бұрғылау кешендері, моторлы майлар, радиаторлар шығарыла бастады», - деді ол.

Министрдің айтуынша Қазақстанда қазір көліктердің 167 моделі шығарылуда.

«Бүгінгі таңда Қазақстанда сатылған әрбір екінші автокөлік отандық өндіріске тиесілі. Бұрын Қазақстанның автокөлік саласындағы талап-тілегіне біреулер күлетін. Ондайлар бұл жай ғана құралған көліктер дейтін. Бірақ Қостандай қазір ұсақ узелдік құрау жұмыстары да басталып кетті. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады», - деді министр.