05 қар, 2018 сағат 09:49

Қазақстанда Инвестициялық қорлар қауымдастығын құру қажет - UVCA директоры

Қазақстанда Инвестициялық қорлар қауымдастығын құру қажет. Бұл туралы бүгін «Digital Bridge» халықаралық инновациялық форумы аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген UVCA атқарушы директоры Ольга Афанасьева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сапарымның негізгі мақсаты стартап жүйесімен танысу. Осы жерде 100-ге жуық стартап ұсынылған екен. Жергілікті және шетелдік инвесторлар да өте көп. Сондықтан тәжірибеңмен бөлісіп, байланыс орнату өте маңызды. Жалпы қазақстандық стартаптармен енді таныса бастадым», -  деді украиналық компанияның басшысы.

Оның айтуынша, UVCA компаниясында технологиялық білім алған инженерлер көп жұмыс істейді. Соның арқасында стартап жүйесі де жақсы дамыған.

«Енді сіздер мен біздің жетістіктерімізді біріктіріп, кәдеге жаратқымыз келеді. Ал Қазақстаннан не көріп отырмын? Сіздерде ІТ-индустриясын дамытуға деген саяси ерік-жігердің бар екендігі қуантады. Бұл салаға капиталын салуға дайын жеке инвесторлар да жеткілікті. Меніңше, жаһандық та, шетелдік де инвесторлар кіре алатын Инвестициялық қорлар қауымдастығын құру келесі заңды қадам болар еді. Ол үшін барлық мүмкіншілік бар. Ең бастысы - бұл ниет пен инновацияны қабылдауға дайындық», - деді Ольга Афанасьева.

Айта кетейік, форумының ашылуында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Қазақстан Азия мен Еуропа технологиялық орталықтарының арасында алтын көпірге айналатындығын айтты.

Digital Bridge - Қазақстандағы биылғы жылы өтіп отырған басты инновациялық оқиға

Қатысушылар форумның диалогтік алаңында цифрландыру саласындағы соңғы әлемдік трендтерді талқылап, алдыңғы қатарлы тәжірибелермен және бизнес-модельдермен бөліседі. Форумға халықаралық ІТ-қоғамдастығының негізгі өкілдері, технология саласындағы танылған сарапшылар, кәсіпорын басшылары, технологиялық кәсіпкерлер, сондай-ақ бірқатар елдің мемлекеттік секторларының өкілдері, ғалымдар, цифрлық әзірлемелер саласының мамандары, венчурлық инвесторлар қатысуда.

Форум аясында «Цифрлық экономика дамуының жаһандық тренді жөнінде диалогы» атты пленарлық сессиясы өтеді. Сонымен қатар сессия жұмысына ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев, Ресей Федерациясының цифрлық даму, байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрі Константин Носков қатысады деп күтілуде.