01 нау, 2019 сағат 10:56

Қазақстанда есірткі саудалаған сайт бұғатталды

Қызылорда облысының прокуроратурасы ел аумағында есірткі саудалаған сайтты бұғаттады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыстық прокуратурада есірткі айналымына қарсы күрес мәселелері бойынша құқық қорғау, арнайы органдардың және денсаулық сақтау мекемелерінің өкілдерінен құралған ведомствоаралық жұмыс тобының нәтижесі талқыланды.

Қадағалау органының үйлестіруімен жұмыс тобы жастар көп шоғырланатын жерлерде рейдтер, оқушылар мен студенттер арасында түсіндірме жұмыстарын және ғаламтор кеңістігі мен әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізді.

Осы жұмыстың нәтижесінде Қазақстан аумағында есірткі заттарының көптеген түрін (Sativa «Y», Moroccan Caramello, Afghan, Blackberry Kush, Jack Herer, Green Crack, Diamond OG, AK-47, Sour Bubble) жарнамалап, оларды таратқан Cannabis-kz.ml сайты анықталды.

Бұл сайтта есірткіні онлайн әмиянға ақша салу арқылы сатып алуға болатын. Сонымен қатар, сайтта 950 мың теңге жалақымен диллер және жеткізуші қызметкері іздестірілген.

Облыстық прокуратураның ұсынуы бойынша Ақпарат және коммуникациялар министрлігі аталған сайтты бұғаттады.