26 шіл, 2016 сағат 14:47

Қазақстанда ең мықты бизнес — шенеунік болу. Неге?

Жуырда шетелдік басылымдардың бірінде «Қазақстан, Ресей және дағдарысқа қарсы басқару ісіндегі мүлде екі бөлек тәсіл» атты мақала жарық көрді. Онда экономикалық сарапшы Владислав Иноземцев көптеген қазақстандық шенеуніктердің қызметін тастап, бизнеске кетіп жатқанын, әрі оның жағымды құбылыс екенін атап көрсетеді. Бұл шынымен де солай ма?

Independent басылымындағы мақалада экономикалық сарапшы Владислав Иноземцев қос мемлекеттің экономикалық ахуалынан мынадай өзгешеліктер байқайды екен: оның пікірінше, Ресей мен Қазақстан элитасы дағдарыспен күресте мүлде екі бөлек тәсіл қолданады.

«Ресей үкіметін ел экономикасы қызықтырмайды, олар бар қаражатты қарулы күш пен құқық құрылымына жұмсап жатыр. Ал Қазақстанда былтыр бюджет шығынының 39 пайызы, ал биыл 55 пайызы ел экономикасын дамытуға бағытталған», деп жазады.

Сондай-ақ, ол Қазақстанның саяси элитасындағы ерекше құбылысқа айырықша тоқталады. «Қазақстандық жоғары лауазымды шенеуніктер көптеп мемлекеттік қызметтен кетіп, өздерінің жаңа бизнесін ашып жатыр. Олар мемлекеттік қазынаны ұрлап-жырлағысы келмейді, керісінше шетелдік инвестицияларды қолдайды», — дейді ол.

Қазақстанда ұрлаудан шаршаған шенеуніктер бар ма?

Тимур Назханов
Тимур Назханов

ҚР Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының вице-президенті Тимур Назханов қазақстандық шенеуніктер арасында қызметінен өз еркімен кетіп, бизнеспен айналысып жүрген адамдардың бар екенін айтады. Бірақ мұны жаппай құбылыс деп бағалауға болмайды дейді.

— Елімізде VIP-тұлға дейміз, яғни жоғары лауазымды атқамінерлердің қызметін тастап, бизнеске ат басын бұруы ілуде бір кездесетін жағдай. Ондайлар көп емес. Керісінше,

біздің шенеуніктердің майлы да жайлы орнында отырып-ақ, бизнесін дөңгелете беретіні ешкімге жасырын емес.

Олар тек фирмасын туысқанының немесе бөтен біреудің атына тіркеп қояды. Бұл Қазақстан ғана емес, посткеңестік мемлекеттердің барлығына тән құбылыс, — дейді ол.

Дегенмен Тимур Назханов жоғары шенді тұлғалардың өз қызметін тастап, кәсіпкерлікке бет бұруының мынадай үш себебін атап берді.

— Біреуі ұрлаудан шаршайды, бірақ жүйе оны мәжбүрлейді. Содан кейін еріксіз кетеді. Тағы біреулері — жұмыссыз қалғандар, отставкаға кеткендер. Енді біреулері Үкіметтің бір саласында бірнеше жыл тер төгіп, еңбек еткеннен кейін, сол саланың қыр-сырын игеріп, мықты байланыс орнатады. Мұндайлар Үкіметтің беретін жалақысына, тағы біреулердің қас-қабағына қараудан шаршаған жандар, деді Назханов.

Шенеуніктер қызметінен кетсе де мемлекеттің ақшасына қол сұғуын доғармайды

Саясаттанушы Дос Көшім де Иноземцовтің мақаласында келтірілген фактілерді жартылай қолдамайтындығын айтады. Оның пікірінше, өкінішке қарай, Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деңгейі өршімесе, ортаймай тұр.

Дос Көшім
Дос Көшім

Дос Көшім, саясаттанушы:

— Қазақстанда шенеуніктер бизнеске кетіп, мемлекет қазынасын ұрлау-жырлау тыйылды деген мүлде қате пікір.

Біздің билікке мақсатты түрде байығысы келетіндер барады.

Рас, шенділердің арасында бизнеске кетіп жатқандары бар шығар. Бірақ олардың бизнесі айналып келгенде мемлекеттік сатып алулар, тендерлерді жағалайды. Өйткені олар «бармақ басты, көз қыстымен» тендерді қалай алуға болатынын, кімге, қандай «отметкасын» беруді біліп алған қулар. Демек, олар мемлекеттік қызметтен кеткенімен, мемлекеттің ақшасына «қол сұғуды» доғармайды. Ал осындай былықтардың ортасында отырған кейбір шендіні жұмыстан шығармақ түгілі, орнынан қозғай алмайсыз. Негізі, қандай да бір дауға іліккен мемлекеттік қызметкер біздегі «Мемлекеттік қызметкердің ар кодексі» бойынша өз еркімен жұмысынан бас тартуы тиіс. Бірақ бізде «портфелінен» өз еркімен бас тарта қоятындар өте аз. Өйткені билікке келгендердің көздейтіні байлық, — дейді Дос Көшім.

kaz.365info.kz