07 жел, 2017 сағат 09:57

Қазақстанда е-туризм тақырыптық порталы құрылады

Қазақстанның көрікті жерлері мен киелі орындарына туристерді көптеп тарту мақсатында е-туризм тақырыптық порталы құрылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл туралы «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Рашид Күзембаев елордада өтіп жатқан «Қазақстандық туристік өнімді қалыптастыру және дамыту мәселелер» конференциясында мәлім етті. 

«Қазақстанның туристік саласын цифрландыруға басты назар аударылуы тиіс. Бұл бағыттағы негізгі жобалардың бірі - ақпаратқа қолжетімділік, онлайн-тіркеу мүмкіндігі, кері байланыс орнату және туристік қызмет сапасына мониторинг жасау, маңызды статистикалық деректер алу мәселелерін шешетін бірыңғай жүйе құру. Бұл жүйе туристер үшін ғана емес, бизнес пен мемлекетке де тиімді болмақ. Біз ұсынатын е-туризм порталы мен мобильді қосымша Қазақстанның көрікті мекендері мен киелі орындарына туристерді көптеп тартуға септігін тигізеді», - деді Рашид Күзембаев.  

Сонымен бірге, басқарма төрағасы ұлттық компания қызметінің ақпараттық-сараптамалық бағыты аясында туристік сала мамандарына әдістемелік қолдау көрсету мақсатында тұрақты түрде әлеуетті нарықтарды зерттеу мен жаһандық трендтерге талдау жасалатынын атап өтті.

Басқарма төрағасы келтірген деректерге сәйкес, туристік сала соңғы онжылдықта қарқынды түрде дамып, әлемдік экономикадағы тез өсіп келе жатқан сектордың біріне айналды. Бүгінде туризм әлемдік экспорт пен әлемдік ЖІӨ құрылымының 10 пайызын құрайды, дүниежүзіндегі әрбір оныншы жұмыс орны туризм саласында пайда болады.