01 сәу, 2020 сағат 13:47

Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандардың 70 пайызы науқаспен байланыста болған

Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында коронавирус инфекциясы бір адамнан 2-7 адамға жұққан. Бұл туралы ҚР Бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта вирус біздің ортамызда жүр, өз ішімізде вирус таралып жатқанын ескерткім келеді. Елімізде тіркелген 369 КВИ жұқтыру жағдайының 70% - науқаспен байланыста болғандар. Яғни, жергілікті жағдайлар деп аталады, бүл жағдайда инфекция ошағын анықтау мүмкін емес», - деді бас санитарлық дәрігер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. 

Оның айтуынша, бір адам орта есеппен 4 адамға инфекция жұқтыра алады. Ауру белгілері пайда болмай тұрып-ақ, адам бойында инфекция болады. 

«Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында бір науқастан 2-7 адамға дейін ауру жұқтыру жағдайларын кезіктірдік. Бұл деректер вирустың жұғу қаупі жоғары екенін тағы да дәлелдеп отыр. Сондықтан, елдегі, әр облыс, қала, аудан, елдімекендегі және әрбір отбасындағы карантин - негізгі алдын алу шарасы болып қала береді. Артық байланысты тоқтатып, толық оқшаулану вирустың адамнан адамға тарауын тоқтатады», - деді А. Есмағамбетова. 

Бұған дейін А. Есмағамбетова коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандарды жерлеу алгоритмін түсіндірген еді.