27 мам, 2020 сағат 09:53

Қазақстанда бір оқушыға қанша қаражат бөлінеді - Ұлттық кеңес

Оқушылардың білімін халықаралық бағалау бойынша Қазақстан дамыған елдерден артта қалып келеді. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Оқушылардың білімін халықаралық бағалау бойынша Қазақстан дамыған елдерден артта қалып келеді. Оның бірнеше себебін келтіруге болады. Бірақ оның басты себебі – білім саласына бөлінетін қаражаттың жетіспеушілігі және осындай маңызды салада реформалардың жүйелі болмауы», - деп атап өтті Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің онлайн форматтағы 3-отырысында. 

Президенттің айтуынша, білім беру – экономиканың өте маңызды саласы. 

«Білім саласына бөлінетін қаражаттың жетіспеушілігінің де өз себептері бар. Көрпеге қарай көсілу керек дегендей, қаражатқа қарай өмір сүру керек. Бірақ, орта есеппен бір оқушыға жылына мың доллардан аз қаражат бөлеміз. Ал PISA рейтингіндегі үздік ондыққа кіретін елдер бір балаға 10-14 мың доллар бөледі. Бұған көңіл бөлуім де тегін емес. Сапалы білім берудің базалық жағдайы – заманауи нормаларға, жабдықтау стандарттарына, эргономикаға сай келетін мектеп инфрақұрылымы. Қазақстан мектебіне жақсы жабдықталған және бала саны аз сыныптар қажет. Ол үшін де бірқатар қадам жасалды. Мемлекеттік білім беру бағдарламасы бойынша 2025 жылға қарай 650 мыңнан астам орынға 800 мың жаңа мектеп салынады, ауылдық мектептерге 114 интернат және 700-ден астам спорт залдары тұрғызылады», - деді Қ. Тоқаев.