06 қар, 2019 сағат 13:19

Қазақстанда біліктілік сертификаты дипломнан жоғары болуы керек – министр

Мемлекетімізде экономика сұранысына сай мамандар дайындау керек десек – елімізде ұлттық біліктілік жүйесін қалыптастыруымыз қажет. Бұл туралы Кәсіптік стандарттарды әзірлеу жөніндегі басқарушы комитеттің отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ұлттық біліктілік жүйесі үш бөлімнен тұрады. Бірінші, жұмыс берушінің жұмысқа алатын адамның біліміне, дағдысына қоятын талабы. Сол талапты «кәсіптік стандарт» деп атаймыз. Екінші, Кәсіптік стандартты әзірлегеннен кейін оған біздің білім беру стандарттары мен бағдарламалары бейімделуі керек. Сонда білім беру ошақтары бизнестің, экономиканың сұранысына сай мамандар дайындайды. Сонда ғана елімізде сұранысқа сай, білімді, білікті мамандар дайындалады. Ұлттық біліктілік жүйесінің үшінші бөлігі – алған білімді тәуелсіз бағалау, яғни сертификаттау», - дейді Біржан Нұрымбетов.

Оның айтуынша, диплом – білімді растайтын құжат, бірақ дамыған мемлекеттерде маманның дипломына қарамайды.

«Дамыған елдерде маманның дипломына қарамайды. Олар біліктілікті растайтын тәуелсіз орталықтарға жібереді. Ол орталық біліктілігін растайтын сертификат береді. Сертификаттың құны дипломнан жоғары. Біз осындай жүйені қалыптастыру үстіндеміз», - дейді министр.

Сондай-ақ, жиында Дүниежүзілік банктің зерттеуі бойынша, экономикамызды толық қамту үшін 550 кәсіптік стандарт қажет екендігі айтылды.

«Былтыр осы жоба арқылы 70 кәсіптік стандарт әзірленді. Биыл жыл соңына дейін 480 стандартты әзірлеуіміз керек. Біз экономистер мен заңгерлерді ғана дайындап жатырмыз. Бұл – үлкен проблема, себебі еңбек нарығының сұранысы басқаша. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде еңбек нарығының 75% сұранысы жоғары білімді мамандарға емес, орта арнайы кәсіби білім мамандарына екені анықталған», - дейді ол.

Оның айтуынша, әр адам баласы жоғары білім алғанын, экономист, заңгер болғанын қалайды, бірақ еңбек нарығында сұраныс басқаша.

«Біздің мақсат – мамандықтарды сол сұранысқа сәйкес келтіру. Әр саланың ерекшелігі әртүрлі, бірақ талабы бір: «Сол саладағы мамандар қандай болу керек?» деген талаптарды кәсіптік стандарттарға енгізу. Кәсіби стандартты мемлекеттік органдар ғана емес, дүниежүзілік банкпен бірлесе істейтін жоба аясында жеке меншік компаниялар да жасайды», - дейді министр.