06 мам, 2017 сағат 09:30

Қазақстанда әскери қызметшілердің жалақысы 25 пайызға артады

Қазақстанда әскери қызметшілердің жалақысы 1 шілдеден бастап 25 пайызға артады. Бұл туралы бүгін Ақордада еліміздің тыныштығын, Отанымыздың жерін, шекарасын қорғау үшін қызмет етіп жүрген бірқатар әскери қызметшіні мемлекеттік наградамен марапаттау барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығының және Қарулы Күштердің 25 жылдығының құрметіне орай мен Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік қызметінің, Ұлттық гвардияның және Мемлекеттік күзет қызметінің әскери қызметшілерінің лауазымдық жалақыларын бірінші шілдеден бастап 25 пайызға көтеру туралы шешім қабылдадым», - деді Елбасы салтанатты шара барысында.

Мемлекет басшысы бүгінгі марапатталғалы отырған әскери қызметшілер өздерінің азаматтық, әскери парыздарын абыроймен атқарып жүргендерін және олардың әр ісі мен ерлігі келер ұрпаққа үлгі-өнеге екендігін баса айтты.

«Кез келген Тәуелсіз мемлекеттің Қарулы Күшінің, құқық қорғау органдарының болуы қажет екендігін білеміз. Сондықтан мемлекет  қиындықтарға қарамастан әскери қызметшілердің материалдық-техникалық базасын күшейту және жағдайларын жасау үшін барлық шараны қабылдап отырады», - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.