28 қыр, 2016 сағат 08:30

Қазақстанда араб шейхтары Қызыл кітапқа енген құстарды қырып тастаған

Жамбылда заңсыз аң аулап жүрген арабтар қолға түсті. Сарысу ауданында саятшылық құрған Біріккен Араб Әмірліктерінің шейхтары Қызыл кітапқа енген құстарды қырып тастаған.

Эмират елінен келген екеуді облыс прокурорлары «Охотозоопром» мамандарымен бірлескен рейд барысында қолға түсіреді. Олардың жол талғамайтын қымбат көлігінің ішінен бір дана шалажансар «қарабауыр бұлдырық» пен бесеуінің өлексесі табылады. Онымен қоса, «шөл тауығы» саналатын дуадақ еті салынған екі қап тәркіленген. Бұлар Қазақстаннан өзге Кіші Азия мен Солтүстік Африкада ғана мекен ететіндіктен популяциясы аз. Сондықтан Қызыл кітапқа енген құстар. Арабтардың кінәлары дәлелденсе, 3 жыл бас бостандығынан айрылады немесе үш мың айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұлмен құтылады. Олар "Қазақстанға дала құстарын будандастыру үшін келдік» деп түсіндірген деп хабарлайды Астана арнасы.

-Мұнда ана құстың өлігі. -Қанша құс бар?- Хамса, бесеу.

«Шетелдік азаматтардың ісі Сарысу аудандық Ішкі істер бөліміне берілді. Тәркіленген құстарға сот-биологиялық сараптамасы, ал қолданған қаруларына қатысты сот-баллистикалық сараптамасы тағайындалды. Қазіргі таңда күдіктілердің үстінен «Сирек кездесетін және жоғалып кету қаупі төнген құстарды заңсыз аулау» бойынша қылмыстық іс қозғалып отыр. Бұл қылмыстық іс орта дәрежедегі құқық бұзушылық болып табылады. Сондықтан олар қолхатпен босатылды. Күдіктілер облыс аумағынан шықпауға және тергеуші органдарға белгіленіп тұруға міндеттелді»,- дейді Жамбыл облыстық прокуратура 1-ші басқармасының аға прокуроры Абырой Азаматов.