20 сәу, 2019 сағат 10:15

Қазақстанда аңшылардың саны 130 мыңға жуықтады

Еліміздегі 18 шаруашылық интераңшылықпен айналысады. Бұл туралы ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде Қазақстанда жалпы аңшылардың саны 130 мыңға жуық. Олардың көбісі аңшылық ұйымдарда тіркеліп, куәліктерін алады. Содан кейін аңшылық шаруашылықтарға барып, тиісті кезеңде аңның түріне қарай лицензияны сатып алып, аңға шығады. Бұл ретте оларды шаруашылықтардағы қорықшылар бақылап жүреді», - деді ол тілшіге берген жауабында.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде 29 млн гектар аумақта 701 аңшылық шаруашылық жұмыс істеп тұр.

«Соның ішінде 18 шаруашылық интераңшылықпен (аңшылық туризм) айналысады, яғни шетел азаматтары келеді. Жалпы, аталған шаруашылықтардағы кіріс орта деңгейде, алайда жыл сайын өсім байқалып келеді», - деді С. Ділдахмет.

Осы орайда ол шетел азаматтары еліміздегі таулы өңірлерде аңға шыққанды қалайтынын атап өтті.

«2017 жылы заңға тиісті өзгертулер қарастырылып, «фермерлік аңшылық шаруашылығы» түсінігі енгізілді. Бұл тұрғыда шаруашылықтарға фермерлік түрде аңды өсіріп, аңшылық ұйымдастыруға мүмкіндік беріледі. Осы ретте аңдарды өздері өсіріп, мүмкіндігінше табиғатта жүрген жануарлар санын азайтпауға қадам жасалды», - деді баспасөз хатшысы.