04 қаз, 2017 сағат 08:23

Қазақстанда адам ағзаларын саудалайтын сайт анықталды

Қазақстандық прокурорлар адам ағзаларын сату-сатып алуға қатысты хабарландыруларды орналастырумен айналысатын сайтты анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасынан мәлім еткендей, адамның тiндерiн (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөлiгiн) сату-сатып алу жөніндегі хабарламалар орналастырып отырған сайт - шетелдік бұқаралық ақпарат құралы. Бірақ оған Қазақстан Республикасының барлық аумағындағы Интернет-пайдаланушылардың қолжетімдігі бар.

Айта кетейік, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің 169-бабының 3-тармағына сәйкес, адамның тiндерiн (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөлiгiн) сату-сатып алуға тыйым салынады. Сондай-ақ ҚР Қылмыстық кодексінің 116-бабына сәйкес, тірі адамның ағзалары мен тiндерiне қатысты заңсыз мәмiлелер жасағандығы үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. 

Осыған орай, БҚО Тасқала аудандық сотының шешімімен аудан прокурорының өтініші қаңағаттандырылып, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне қайшы келетін, ҚР-дың барлық аумағында таралған сайт заңсыз деп танылып, оның ел аумағында таралуы тоқтатылды. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.