28 жел, 2016 сағат 09:11

Қазақстанда 928 мың адам банктерге несиелерін қайтара алмай жүр

- Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Коллекторлық қызмет туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Коллекторлық компаниялар көптен бері пайда болып, өмірімізге кеңінен енді, бірақ олардың қызметі заңмен реттелмейді және мемлекет тарапынан бағаланбайды. Қазіргі кездің өзінде шамамен 60 компания банктермен жасасқан шарттар негізінде берешекті өндіріп жатыр. Банктердің 928 мың борышкері коллекторлық агенттіктердің өндіріп алу үдерісінде. Халықтың несиелік борышы өте жоғары. Осы жағдайда борышты өндіріп алу бойынша қатынастардың реттелмеу проблемаларының ауқымы болашақта өседі. Қазақстанда 5 млн. адамның банктік қарыз шарты бар», - деді ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев.

Заң жобасында берешегін өндіріп алу бойынша жұмыста тиімділікті және қауіпсіздікті арттыру, борышкерлердің құқықтары мен мүдделерін коллекторлық агенттіктердің заңсыз әрекеттерінен қорғау, коллекторлық қызметтің ашықтығын арттыру мен оны реттеу, тұрғындардың сенімін жоғарылату тетіктері ескерілген. Сонымен қатар онда коллекторлық қызметті жүзеге асыру барысында туындайтын қоғамдық қатынастар реттеледі.