09 қар, 2018 сағат 14:56

Қазақстан және Ресей сенаторлары Ақтауда кездесті

Ақтау қаласында Қазақстан Республикасының Парламенті Сенаты мен Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Ынтымақтастық жөніндегі комиссиясының 13-ші отырысы болды. Отырысқа Иран делегациясы да қатысты.

Сенат Төрағасының орынбасары Сергей Громов шараны аша келіп, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылған Каспий маңы мемлекеттері басшыларының Ақтау саммитінің қорытындыларын Астана жоғары бағалайтынын атап өтті.

«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, Конвенция теңіздің суын, түбін, қойнауын, табиғи ресурстары мен әуе кеңістігін қоса алғанда осы су айдынына қатысты тараптардың барлық құқықтары мен міндеттемелері айқындалған және реттелген «Каспий теңізінің конституциясы». Бұл құжат теңіздегі құқықтар мен егемендіктің аражігін ажыратуға, қойнауын пайдалану, транзит пен тасымалдау құқықтарын жүзеге асыруға, су асты құбырлары мен желілерді жүргізуге, тариғи орта мен биологиялық ресурстарды қорғауға байланысты ауқымды мәселелерді қамтиды» - деді Громов.

Сенат Төрағасының орынбасары осынау ерекше құжатқа қол қою жөніндегі келісімге келудегі Ресей мен Иранның үлесін жоғары бағалады.

«Бұл бәріміз үшін зор жетістік деп санаймын. Бүгінгі отырыс біздің елдеріміз басшыларының тілегін өмірге енгізу», - деді С.Громов.

Ол Конвенцияға қол қойылуы осынау ерекше су айдынына екіжақты деңгейде де, көптарапты сипатта да бейбітшілік пен өзара тиімді ынтымақтастық аймағы мәртебесін бекітуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Енді Конвенцияны ұзаққа созбай, біздің парламенттеріміздің ратификациялағаны маңызды болып отыр. Биылғы 6 қарашада Конвенцияны ратификациялау жөніндегі құжаттар топтамасы Қазақстан Республикасының Үкіметінде қаралғанын хабарлаймын. Конвенцияны ратификациялау туралы заң жобасын Үкімет таяуда Парламент Мәжілісіне береді деп күтіп отырмыз», - деді С.Громов.

Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі Аграрлық-азық-түлік саясаты және табиғатты пайдалану комитеті төрағасының орынбасары Сергей Белоусов пен Иран Ислам Консультативтік Кеңесі Төрағасының бірінші орынбасары Масуд Пезешкиан Конвенцияны уақытында ратификациялаудың маңызы туралы айтты.

Отырыс барысында екі елдің сенаторлары Бірыңғай экономикалық кеңістік аясында Маңғыстау облысы мен Ресейдің Дағыстан Республикасын мысал ете отырып, шекаралық аймақтарды дамытуды, Каспийдегі туризм, экология мен биоресурстарды қорғау саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

С.Громов пен Иран Ислам Консультативтік Кеңесі Төрағасының бірінші орынбасары Масуд Пезешкианның кездесуінде парламентаралық ынтымақтастық және екіжақты қатынастарды, оның ішінде парламентаралық үнқатысуларды одан әрі нығайту мәселелері талқыланды.

Отырысқа сенаторлар Жеңіс Нұрғалиев, Ольга Перепечина, Михаил Бортник, Ғұмар Дүйсембаев және Бақтыбай Шелпеков қатысты.