30 қаң, 2018 сағат 09:53

Қазақстан Үкіметі мен Ұлттық банк бірлескен мәлімдеме қабылдады

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов пен Ұлттық банктің басқарма төрағасы Данияр Ақышев экономикалық саясаттың 2018 жылға арналған негізгі бағыттары туралы баяндады. Нәтижесінде Үкіметтің сәйкес қаулы жобасы қабылданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

2017 жылы Қазақстан экономикасы 4,0%-ды құрап, серпінді өсті. Негізгі капиталға түсетін инвестициялардың өсу қарқыны 2016 жылмен салыстырғанда 5,5%-ды құрап, 2,7 есе жеделдеді.

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, ҚР Үкіметі мен Ұлттық банктің мәлімдеме жобасы еліміздің макроэкономикалық және ақша-кредит саясатының 2018 жылға арналған басымдықтары туралы жалпақ жұртты ақпараттандыру мақсатында әзірленген.  

Елбасының Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында белгіленген жаңа міндеттерді ескере отырып, экономикалық саясаттың 2018 жылға арналған басты бағыттары мыналар:

  • макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау;
  • қолайлы бизнес ахуалды қамтамасыз ету;
  • цифрлық құрамдауышты қоса алғанда, экономика салаларын дамыту;
  • көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту.

Үкімет пен Ұлттық банк жүргізетін экономикалық саясат ағымдағы жылдың соңында инфляция деңгейін 5,0-7,0% шамасында қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы мақсатты қамтамасыз ету инфляцияны 2020 жылдың соңына қарай 4%-ға дейін біртіндеп төмендетуге маңызды қадам болмақ.

«Үкіметтің басты назары азық-түлік және азық-түлік емес тауарлар бағаларының, монополистер қызметтері тарифтерінің негізсіз өсуіне жол бермеуге тоғыстырылады, сондай-ақ жасанды тапшылық, бағаға уағдаласу және жосықсыз бәсеке құру мүмкіндігі жойылады», - деді Тимур Сүлейменов.

Бюджет саясаты 2018 жылы экономиканың өсуіне, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамытуға және мемлекеттік қаржы тұрақтылығын сақтауға жәрдемдесуге бағытталады. Бұл ретте мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері толық көлемде орындалатын болады.

Цифрлық құрамдауышты қоса алғанда, экономика салаларын дамыту мақсатында Индустрияландыру картасы жобасының жобалық қуатына шығуды қамтамасыз ету, сондай-ақ жоғарғы технологиялы өндірістер үлесін ұлғайту арқылы индустрияландыру саясаты жалғасатын болады. 3D-принтинг, Big data және бұлтты технологиялар сияқты «Индустрия 4.0.» элементтерін енгізуді ынталандыру бойынша жұмыс жүргізілетін болады.

2018 жылы инновацияларға, технологиялардың трансфертіне және өңдеу өнеркәсібін цифрландыруға жәрдем беруге назар аудара отырып, «цифрлық дәуір» өнеркәсібінің қалыптасуына бағытталған индустрияландырудың үшінші бесжылдығын әзірлеу басталады.

Агроөнеркәсіптік кешенде ауыл шаруашылығы кооперациясын одан әрі дамыту есебінен, егіс алаңдары құрылымының әртараптандырылуын және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортын арттыру бойынша жұмыстар жалғасады.

Көлік-логистикалық инфрақұрылымның одан әрі дамуына «Нұрлы Жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруды жалғастыру ықпал ететін болады.

Жалпы 2018 жылы экономикалық саясат тұрақты экономикалық өсуді, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, банк секторының тұрақтылығы, инвестициялық және бизнес ахуалды жақсарту, сондай-ақ экономика салаларын дамыту арқылы ынталандыруға бағытталады.

ҚР Ұлттық банкінің басқарма төрағасы Данияр Ақышев ортақ мәлімдемені қабылдау және Ұлттық банк пен Үкіметтің келісілген шараларын іске асыру макроэкономикалық саясаттың ұзақмерзімді мақсаттарына жетуді қамтамасыз ететінін атап өтті.

Ұлттық Банк инфляциялық таргеттеу және теңгенің құбылмалы айырбас бағамы саясаты режимінде ақша-кредит саясатын іске асыруды жалғастырады. Бұдан өзге, либералдық валюта режимін сақтау кезінде валюталық бақылауды күшейту шараларын қабылдау болжанып отыр.