25 қыр, 2017 сағат 11:38

Қазақстан түрмелерінде экстремизм үшін сотталған 400-ден астам адам бар

Қазақстан түрмелерінде экстремизм, терроризм үшін сотталған 400-ден астам адам бар. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында  ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Иә, қазіргі уақытта бізде экстремизм, терроризм үшін сотталғандар бар. Коллонияларда шамамен 400 адам ұсталып отыр. Әрине, оларға біз қамауда ұстаудың айрықша режимін қолданамыз. Бірақ, оларды дұрыс жолға қою үшін қылмыстық атқару жүйесінің штатына теолог мамандығын енгіздік. Жекелеген бірліктерді қысқарттық және біздің барлық коллонияларымызда мұндай мамандар бар», - деді министр депутаттардың сауалына орай.

Сонымен қатар ол қазіргі уақытта теолог мамандар еліміздің Дін істері және азаматтық қоғам  министрлігімен бірлесіп жұмыс жасап жатқанын баса айтты.

«Жақсы тәжірибе жолға қойылды. Нәтижелері де жаман емес. Меніңше, біз оны одан ары қарай дамытамыз. Әрине, біздер үшін бұл жаңа қызмет. Соған  қарамастан одан ары дамыта береміз», - деді Қалмұханбет Қасымов.

Айта кетейік, Мәжілістегі Үкімет сағатында «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017-2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясын іске асыру» мәселелері талқылануда.