27 там, 2019 сағат 12:32

Қазақстан Токио Олимпиадасына 12-інші лицензияны жеңіп алды

Синхронды жүзуден Қазақстан командасының мүшелері Александра және Екатерина Немичтер 2020 жылғы Токио Олимпиадасына қатысу нормативін орындады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінен мәлім еткендей, апалы-сіңлілі Немичтер Кванджуда өткен 2019 жылғы Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша лицензияға ие болды.

Айта кетейік, дуэттерді Олимпиада ойындарына іріктеу бірнеше тәсілмен жүзеге асырылады. Алғашқы 10 командаға Әлем чемпионатының нәтижесі бойынша Токиоға жолдама автоматты түрде беріледі. Олардың қатарында ойынды қабылдайтын мемлекет Жапония, Ресей, Мысыр, Австралия, Украина, Қытай, Канада елінің өкілдері бар. Олимпиаданың бес жолдамасы әр құрлықта жоғары орында тұрған командаларға рейтинг бойынша үлестіріледі (Жапония есепке алынбайды).

Лицензияны Азия құрлығынан - Қазақстан, Африкадан - Оңтүстік Африка Республикасы, Океания аймағынан - Жаңа Зеландия иеленді. Панамерика ойындарының қорытындысы бойынша жолдама Америка немесе Мексиканың біріне бұйырады. Ал Еуропадағы өкіл кейін анықталмақ. 

Олимпиада ойындарының қалған жеті қатысушысы іріктеу турнирінде рейтинг бойынша анықталады. Халықаралық Олимпиада комитеті синхронды жүзуден дуэттерге арнап 22 квота бөлген. 

Осылайша, бүгінге дейін Қазақстан құрамасы 12 лицензияға ие болды. Бұған дейін Ришат Хайбуллин (спорттық құзға өрмелеу), Дмитрий Баландин (100,200 метрге брасс әдісімен жүзу), Ольга Рыпакова, Георгий Шейко (жеңіл атлетика), Евгений Гидич (велоспорт), классикалық түрде садақ атудан Қазақстан ерлер командасы (Денис Ганькин, Ильфа Абдуллин, Санжар Мұсаев) және Виталий Худяков (ашық суда жүзу) Олимпиадаға қатысу нормативін орындаған болатын.