09 жел, 2017 сағат 11:30

Қазақстан Таяу Шығыстағы бейбіт процесін жаңғыртуға шақырды

Қазақстан делегациясы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Иерусалимнің құқықтық мәртебесі туралы кезектен тыс жиналысына қатысты, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.

Кездесу барысында БҰҰ Бас хатшысының Таяу Шығыстағы Арнайы өкілі Николай Младеновтың  брифингі тыңдалды.

Қазақстанның БҰҰ-ның жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров еліміздің Таяу Шығыс дағдарысына қатысты ұстанымы анық және өзгеріссіз екендігін жеткізді.

Қазақстан тараптар арасындағы келіссөздердің екі жақты пішімде алғышартсыз өткізілуін қолдайтындығын білдірді.

Палестиндік-израильдік реттеуге БҰҰ Бас Ассамблеясы және Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті қарарлары, сондай-ақ Мадрид прициптері, Бейбітшіліктің Жол картасы, сонымен қатар 2002 жылғы Араб бейбіт бастамасы негізінде қолдау көрсету қажеттігі расталды.

Қазақстан делегациясы «екі елге екі мемлекет» формуласына балама жоқ екендігін айтты. Қазақстан БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерриштің - «Иерусалим мәртебесі палестина-израиль реттеуінің финалдық кезеңінде және БҰҰ қарарларының негізінде Палестина және Израиль халықтарының армандары мен алаңдаушылықтарын ескере отырып шешілуі тиіс» деген ұстанымына қолдау білдірді.

Қазақстан Палестина халқының 1967 жылғы шекараларда астанасы Шығыс Иерусалим болып табылатын Палестина мемлекетін құра алу құқығын толықтай қолдады.