13 қаз, 2017 сағат 16:26

Қазақстан тарапы Қырғызстандағы сайлауға жеке субъект ретінде қатысудан бас тартты

ҚР Орталық сайлау комиссиясы жеке субъект ретінде 2017 жылдың 15 қазанында белгіленген Қырғыз Республикасындағы президенттік сайлауға қатыспайтын болды. Мұндай шешімді ҚР ОСК Берік Имашевтің төрағалығымен өткен отырысында қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Отырыс барысында Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясының шақыруымен сайлауға бақылау жүргізуге ҚР ОСК мүшесі Марат Сәрсембаевтың қатысуы туралы сұрақ талқыланды.

Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаевтың Қазақстанның Қырғызстандағы сайлауға араласқаны туралы шындыққа сай келмейтін мәлімдемесіне сәйкес, Марат Сәрсембаев Қырғыз Республикасындағы сайлауға бақылау жұмысынан бас тартатынын мәлімдеді.

Оның ұсынысы қолдау тапты.

Қазақстандық бақылаушылар ТМД, ДИАҚБ/ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ТМЫҰ миссиялары, сондай-ақ ТМД, ЕҚЫҰ, түркітілдес мемлекеттердің парламенттік ассамблеяларының құрамында Қырғыз Республикасындағы президенттік сайлауға бақылау жүргізетін болады.