23 мау, 2017 сағат 07:56

"Қазақстан Сирияға өз әскерін жіберу туралы ешкіммен келіссөздер жүргізіп жатқан жоқ..."

Қазақстан Сирияға өз әскери қызметшілерін жіберу бойынша ешкіммен келіссөздер жүргізіп жатқан жоқ. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат"

«Мүдделі тараптардың кездесуі үшін Қазақстанның Астанада алаң ұсынуы еліміздің Сирия дағдарысын реттеудегі нақты үлесі болып табылады.

Қазақстан Сирияға өз әскери қызметшілерін жіберу бойынша ешкіммен келіссөздер жүргізіп жатқан жоқ. Сириядағы төрт деэскалация аймағының қауіпсіздігі мен тиімділігі қалай қамтамасыз етілетіні қазіргі уақытта Астана процесінің кепілгер-елдері құзырында. Олар осы және өзге де мәселелерді 4-5 шілде күндері Қазақстан астанасында өтетін кезекті кездесу барысында талқылайтын болады.

Кез келген жағдайда әлемнің қайсыбір қақтығыс ошағына өз бітімгерлерімізді жіберу мүмкіндігін қарастырудың маңызды қағидатты шарты - БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қарарының және осы ұйымның тиісті мандатының болуы», - делінген ҚР СІМ-нің баспасөз қызметі таратқан хабарда.

Айта кетейік, бұған дейін ресейлік БАҚ-тарда Ресей Сирияға Қазақстан мен Қырғызстанның әскерлерін жіберу бойынша келіссөздер өткізгендігі туралы ақпарат жарияланған болатын.