27 сәу, 2019 сағат 09:54

Қазақстан Президенті жұмыс сапарымен Павлодар облысына келді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Павлодар облысына келді. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Фейсбукте мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдің бірқатар әлеуметтік және индустриялық нысандарын аралап көріп, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысымен танысады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының облыс жұртшылығымен, соның ішінде мұғалімдер қауымымен, еңбек ұжымдарымен, жастар өкілдерімен кездесуі жоспарлануда», - деп жазды Б.Уәли.

Президент сонымен қатар, «Қазақстан электролизді зауыты» АҚ-ның кеңесіне қатысады деп күтілуде. Бұдан бөлек, «Павлодар мұнай химия зауыты» ЖШС-ға, Жастар бастамаларын дамыту орталығына және Назарбаев Зияткерлік мектебіне баратыны көзделген.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысында болды. Президент алдымен Семей қаласына барған еді.