14 мам, 2019 сағат 12:36

Қазақстан Президенті Қызылорда қаласындағы көпсалалы балалар ауруханасына барды

Мемлекет басшысы Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында 2017 жылы пайдалануға берілген мекеменің жұмысымен, ондағы балаларды емдеу және сауықтыру үшін алынған заманауи медициналық құрылғылардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев балалар ауруxанасының медициналық қызмет көрсететін кабинеттерін аралап көріп, дәрігерлермен әңгімелесті.

Еркін әңгімелесу барысында Қазақстан Президенті бала денсаулығын жақсарту ісі мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстар жандана түсетінін айтты.

– Сіздердің күнделікті жұмыстарыңыздың оңай емес екенін жақсы білемін. Балаларды емдеп, халықтың алғысына бөленіп жүрсіздер. Еңбектеріңіз елене берсін! – деді Мемлекет басшысы.

Соңында Қасым-Жомарт Тоқаев медицина мекемесі ұжымының жұмысына табыс тіледі.

***

Балаларға кәсіби, стационарлық және диагностикалық көмек көрсетуге бағытталған ауруxананың жалпы аумағы 24436 шаршы метр. Медициналық мекемеде xирургия, терапия, зерттеу жүргізу, ота жасау блоктары, сәулемен емдеу және физиотерапия бөлімшелері бар. Ұйымда 500-ден астам персонал қызмет етеді.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті «Жан-Арай» күріш өңдеу ісіне мамандандырылған агроиндустриялық кешенінде болып, оның жұмысымен танысты.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа зауыттың негізгі шығаратын өніміне қатысты мәлімет берілді.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен әңгімелесіп, бұл саланы өркендетудің басты бағыттарын атап көрсетті.

– Ауыл шаруашылығы – әлеуеті өте зор, стратегиялық маңызды сала. Бұл саладағы мәселелерді жақсы білеміз. Мемлекет оларды шешудің барлық мүмкіндіктерін қарастырады, – деді Президент.

Соңында Қасым-Жомарт Тоқаев өңір еңбеккерлеріне зор табыс тіледі.