01 шіл, 2019 сағат 14:23

Қазақстан Президенті «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасын қабылдады

Қазақстан Президенті «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевты қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысына темір жол көлігі саласының қазіргі даму жағдайы және келешегі туралы ақпарат берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру, экспорт және транзит тасымалдарын ұлғайту, көлік қызметінің сапасын жақсарту қажеттігіне назар аударды.

Сауат Мыңбаев Түркістан облысы Арыс қаласындағы төтенше жағдай кезінде жолаушылар мен жүк тасымалдарын ұйымдастыру жөніндегі қабылданған шаралар туралы баяндады. Сонымен қатар, «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ басшысы контейнерлік тасымалдар саласындағы жағдай, жолаушыларға қызмет көрсетуді жақсарту үшін жүргізіліп жатқан жұмыстар, операциялық іркілістерді азайту туралы мәлімет берді.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті бірқатар нақты тапсырма берді.