#
#
Жексенбі 22/07/2018

Қазақстан Президенті елшілерден сенім грамоталарын қабылдады

  • 10.01.2018
  • 0
  • 668

Қазақстан Президенті елшілерден сенім грамоталарын қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Рәсім барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа Швеция Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Матс Фойер, Куба Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Эмилио Певида Пупо, Үндістан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Прабхат Кумар, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Майкл Джон Гиффорд сенім грамотасын тапсырды.

Мемлекет басшысы рәсімге қатысушыларды Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының ресми түрде басталумен құттықтап, олардың жауапты әрі мәртебелі миссиялары елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты жан-жақты дамытуға септігін тигізетініне сенім білдірді.

– Сіздердің жұмыстарыңыз қызықты және жауапты кезеңге тұспа-тұс келіп отыр. Технологиялық революция жаңа сын-қатер әкелумен қатар, кез-келген елдің дамуында серпіліс жасауға мүмкіндік береді. Сондықтан Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауымды жарияладым, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті әлемнің озық дамыған 30 елінің қатарына қосылуды жеделдету үшін қажетті заманауи технологияларды пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.

– Мен Жолдауда экономиканы, әлеуметтік саланы, сондай-ақ мемлекеттік басқару ісін дамытудың негізгі бағыттары бойынша нақты он міндет қойдым, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның халықаралық аренада белсенді позиция ұстанып келе жатқанын айтып, 2017 жылы Астанада өткен бірқатар іс-шараның нәтижелеріне назар аударды. Олардың қатарында имидждік тұрғыдан ғана емес, сондай-ақ экономикалық тұрғыдан оң әсері болған халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесін, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті мен Ислам ынтымақтастығы ұйымының Ғылым және технологиялар жөніндегі саммитін атаған жөн.

– Сирияаралық қақтығыстарды реттеудің жаңа тетігі ретіндегі Астана процесі аясындағы оң нәтижелер біздің елдің дербес және бейтарап алаң ретінде таңдалуының дұрыстығын көрсетті және оны әлемдік қоғамдастық мойындады, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы ретінде қарастыратын мәселелеріне жан-жақты тоқталып, жаһандық органның барлық мүшелерінің өзара ымыра мен консенсуске келуі үшін белсенді түрде күш жұмылдырудың маңызды екенін айтты.

– Біз таратпау режімін дәйекті түрде нығайту мен кеңейту арқылы ғаламды ядролық қарудан азат ету, сондай-ақ жаһандық соғыс қаупінің алдын алып, оны толық жою үшін әлемдік қоғамдастықтың күш-жігерін жұмылдыра беруге ниеттіміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісіне арнаған сөзінде экономикалық бағыт еліміздің шетелдік әріптестермен ынтымақтастығының басты өзегі болып саналатынын атап өтті.

– Елдеріміздің ынтымақтастығы өзара құрмет пен сенімге берік негізделген. Бүгінде Ұлыбритания Қазақстанның ірі инвесторларының және сауда әріптестерінің бірі болып саналады, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Швециямен ынтымақтастықты дамытуға айрықша мән беретінін атап өтіп, Швеция Риксдагының спикері Урбан Алиннің елімізге сапары өткен жылдың басты оқиғасына айналғанын айтты.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Прабхат Кумарды Үндістанның Шанхай ынтымақтастық ұйымының толық мүшесі болуымен құттықтап, Қазақстан Үндістан Республикасын маңызды сыртқы саяси және сауда серіктесі ретінде қарастыратынын атап өтті.

– Елдеріңіз Шанхай ынтымақтастық ұйымының жұмысына тың серпін беріп, мәртебесін арттырады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.


Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев соңғы жылдары Қазақстан-Куба қарым-қатынастары айтарлықтай жанданғанын атап өтіп, елдеріміздің сауда-экономикалық және саяси ынтымақтастығын нығайту үшін нақты жұмыстарды жалғастыру қажет екенін айтты.

Соңында Қазақстан Президенті дипломаттарды тағы да құттықтап, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар