14 қыр, 2018 сағат 12:00

Қазақстан полициясы Грузия тәжірибесін қабылдай ма? - Қасымовтың жауабы

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында журналист қойған «Қазақстан полициясы неліктен Грузия тәжірибесін енгізбейді?» сауалға жауап берді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Ол қазақстанық құқық қорғау органдарына Грузия тәжірибесін енгізуге қарсылық танытпайтынын айтты.

«Қылмыстық атқару жүйесі комитеті бізге берілгелі бес жыл өтіп кетті. Төтенше жағдайлар комитетінің бізге берілгеніне үш жыл болды. Жұмыс шаш етектен екенін түсініп отырмын. Бірақ, тапсырмаға байланысты жұмыстардың барлығын атқарып отырмыз. Грузиялық әдіс туралы айтсақ: біз оған қарсы емеспіз. Сонда барып, көзімізбен көрдік. Бізде олардың атқарған жұмысы мен біздің жүмысымыз туралы кесте бар. Біздің елімізге енгізуге болатынның бәрін алдық. Бір Грузияға ғана емес, сондай-ақ бірнеше рет Германияға бардық. Өзім Германияда, Польшада, Эстонияда болдым. Бәрін көрдік», - деп жауап берді министр журналист сауалына.

Қасымов Грузия тәжірибесінің бір бөлігі қазақстандық полиция құрылымдарына енгізілгенін атап өтті.

«Адамдар көп сұраққа мән бермей «Неге грузиялық тәжірибені енгізбейсіздер?» дейді. Ең бірінші олар не істеді? Грузияның аумағы Ақмола облысымен бірдей ғана. Жеті ауданда жеті аудандық бөлімдерді салды, министрлікті салды. Оның бәріне телекоммуникацияны толығымен алып келді де, полицияға киімді берді. Санын қысқартты. Айлықтарын 500-ден 2 мың АҚШ долларына дейін көтерді. Ол жақта – 3,6 млн адамға 82 мың полицей болған. Содан соң олардың санын 20 мыңға дейін қысқартып, айлықтарын 10 есеге дейін көтерді. Бұл мәселені бізге бөлінген бюджет аясында шешеміз. Ал дәл қазір олай істей алмаймыз. (...) Біз бір ғимарат та салған жоқпыз. Біздің айлықты көтермеді, техника да, жаңа форма мен рацияларды да берген жоқ, бірақ бұл мәселелерді біз өзіміздің бюджетке қарап шешіп жатырмыз», - деді Қалмұханбет Қасымов.