14 нау, 2018 сағат 09:32

Қазақстан Паралимпиада ойындарында тұңғыш рет алтын медаль жеңіп алды

 

Қазақстандық шаңғышы Александр Колядин Пхенчхандағы Паралимпиадада алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

14 наурызда өткен шаңғы жарысы Қазақстан үшін жеңіспен аяқталды. Классикалық әдіспен 1,5 шақырымдық спринтерлік шаңғы жарысында жарысқан спортшылар арасында қазақстандық спортшы іріктеу кезеңінде де, жартылай финалда да үздік болды.

Александр Колядин финалда 4 минут 19,7 секунд нәтижесін көрсетіп, алдына жан салмады.  Күміс медаль жапониялық Йошихиро Ниттаның еншісінде кетсе, «қолаға» Канада өкілі Марк Арендз және Финляндиядан Иикк Туомисто қол жеткізді.   

Дүйсенбіде, 12 наурызда тағы бір қазақстандық шаңғышы Александр Герлицо еркін стильде 20 шақырымдық жарыста жүлделі орынға талпынған, алайда ол төртінші болып келген-тін.

Айта кетейік, бұл - Қазақстанның қысқы Паралимпиадада алған алғашқы алтыны. 1994 жылы Лиллехаммерде (Норвегия) өткен Паралимпиадада қазақстандық Любовь Воробьева шаңғы жарысында қола алған. Одан кейінгі Паралимпиадада Қазақстан спортшылары медаль иеленген жоқ.