01 там, 2017 сағат 09:41

Қазақстан Мысырға наразылық нотасын жолдады

Қазақстан Мысырға ресми наразылық нотасын жіберді. Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Өздеріңіз де білетіндей, Каир қаласында Қазақстанның 6 азаматының жоғалып кеткеніне 12  күн болды. Қолда бар сенімді мәліметтерге сәйкес, 19-нан 20-шы шілдеге қараған түнде оларды Мысырдың  арнайы қызмет сақшылары ұстап, алып кеткен. Осы уақытқа дейін Мысыр тарабынан Қазақстан азаматтарының ұсталу себептері, олардың қазір қайда екендігі туралы ресми  ақпарат алған жоқпыз. Мысырдың СІМ басшылығымен, құқық қорғау органдарының өкілдерімен бірнеше рет болған күнделікті келіссөздер нәтиже берген жоқ», - деді ол.

ҚР СІМ өкілінің айтуынша, таяуда Қазақстанның Каирдағы Елшісі Мысырдың Жоғары конституциялық сотының төрағасымен және Президенттің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісімен Қазақстан азаматтарына қатысты ахуалды  талқылаған.

«Олардың біздің азаматтарымыздың ұсталу мән-жайын анықтауға көмек көрсетеміз деген уәдесіне қарамастан жағдай өзгерген жоқ. Осыған орай Мысырдың Сыртқы істер министрлігіне ресми наразылық  нотасы жіберілді. Осындай нота Қазақстандағы Мысырдың уақытша сенімді өкіліне де табыс етілді. Біз Мысырдың ресми билігінен Қазақстан азаматтарының ұсталу себептерін түсіндіруді, Қазақстанның Мысырдағы Елшілігі дипломаттарының, консулының  олармен байланысуына мүмкіндік беруін батыл түрде талап етеміз»,- деді Жайнақов.