30 мам, 2018 сағат 12:20

Қазақстан мен Қытай арасында салынатын бөгетке қанша ақша жұмсалады?

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар "ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы Қорғас өзенінде "Шүкірбұлақ (Алмалы)" бірлескен сел ұстайтын бөгетін салудағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Құрылысқа қос тарап тең қаржы бөлетін болады. Құрылыстың жалпы сметалық құны – 11,7 миллиард теңге. Бұған қажетті қаржы 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетте қарастырылған… Биыл бізге 3,8 миллиард теңге бөлінді. Құрылыс мерзімі – 3 жыл", —деді ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәжілістің жалпы отырысында. 

Министрдің айтуынша, бөгет құрылысын бақылау үшін Қазақстан-Қытай комитеті құрылады. 

"Бөгеттің жобасы жасалды, сараптамадан өтті. Қазір ол Қытай еліне берілді. Жобаны әзірлеуге екі елдің мамандары толықтай қатысты", — деді ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев.