05 шіл, 2017 сағат 09:53

Қазақстан мен АҚШ арасындағы әскери ынтымақтастықтың кезекті жоспарына қол қойылды

Вашингтонда Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары қорғаныс ведомстволарының өкілдері арасында екіжақты қорғаныс кеңестері өтті, деп хабарлайды ҚР ҚМ баспасөз қызметі.

Қазақстанның әскери делегациясын Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Талғат Мұхтаров басқарды.

Іс-шара барысында ҚР мен АҚШ арасындағы әскери ынтымақтастықтың ағымдағы және перспективалық мәселелері талқыланып, алдағы бес жылдық кезеңге өзара іс-қимылдың бағыттарын айқындайтын 2018-2022 жылдарға арналған әскери ынтымақтастықтың кезекті бес жылдық жоспарына қол қойылды. 

Одан басқа, сапар шеңберінде АҚШ Қорғаныс министрлігі Ұлттық ұлан бюросы, АҚШ армиясы және АҚШ Ұлттық қорғаныс университетінің өкілдерімен кездесулер өткізілді.