05 ақп, 2020 сағат 12:03

Қазақстан Қажыгелдин тұсында жасалған нарық реформаларының екпінімен келеді

Тоқаев үкіметі билікте отырғалы жылға жуықтады. Саяси реформа жасалмады, жасалмайтын да шығар. Ұлттық сенім кеңесінде айтылған 5 өзгеріс туралы нақты шешім жоқ. Саяси ғана емес, экономика саласында да ешбір реформа қолға алынбады. Елдің инвестициялық ахуалы жақсармады. Үкіметтің қазіргі жасап жатқан қадамының бәрі реформадан гөрі шағын және орта бизнеске, халыққа жағымсуға көбірек ұқсайды. ШОБ тексеруге мораторий, салық рақымшылығы - жақсы, бірақ ол жағдайды түбегейлі өзгертуге бет бұрған қадам емес. Әлеуметтік саясаттың өзгеруі, жағдайы төмен отбасыларға жәрдемақы беру де бұрынғы жіберген қателіктердің өтемі ғана.

Қазақстан Қажыгелдин тұсында жасалған нарық реформаларының екпінімен әлі келеді. 1997 жылғы Қазақстан-2030 бағдарламасының негізгі бір ұстанымы экономиканы әртараптандыру еді. Осы бағдарламаны іске асыру үшін әр Үкімет өзінше жоба жасады, нақты индикаторларды жазды, бюджеттен миллиардтар бөлінді. Бірақ, оның нәтижесі өте аз. Неге? Өйткені, ол жобалар көп ақша жұмсап, аз нәтижеге жететін, ғылымсыз жасалған экстенсивті дүниелер. Тоқаев Жолдауында "қарапайым заттардың экономикасы" деген әдемі термин айтты. Бірақ Үкімет ең құрығанда сол бағытты дамытуға көңіл бөлмей отыр. Былтырғы 1 сәуірден басталған, биыл қаңтарда басқа арнаға түскен жәрдемақы институты дәл сол қарапайым заттар экономикасын дамытуға ықпал ететін тетік болуы тиіс еді. Бірақ оны орындатып жатқан Тоқаев жоқ, орындайын дейтін Мәмин көрінбейді.

Болат Мүрсәлімнің фэйсбуктағы жазбасынан