21 қар, 2017 сағат 10:04

Қазақстан ірі экспорттаушы елдер арасында 52-орынға ие - Жеңіс Қасымбек

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Мемлекет басшысының шикізаттық емес экспортты 2025 жылға қарай екі есеге ұлғайту бойынша берген тапсырмасын іске асыру барысы туралы айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ж. Қасымбектің айтуынша, бүгінде Қазақстан ірі экспорттаушы елдер арасында 52-орынға ие. Жалпы, әлемнің 113 еліне өңдеу секторының 800-ден астам тауары экспортталады.  

2017 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша өңделген тауарлар экспорты 22%-ға өсіп, $11,1 млрд құрады. Ферроқорытпалар, мұнай өнімдері, мыс, металл прокаты, пропан және бутан, мырыш жеткізу көлемі ұлғайтылды. Өңделген тауарлар үлесі экспорттың жалпы көлемінде 32%-ды құрайды.

Министрдің сөзіне келсек, экспорттық қолдауды жетілдіру мақсатында «Ұлттық экспорттық стратегия» үкіметтік бағдарламасы әзірленген. Сондай-ақ, жыл соңына дейін экспорттық әлеуетке ие өндірістерге қолдау көрсету бойынша өңірлік шара жоспарлары қабылданады.

Стратегияда алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің экспортын ынталандыру бойынша қосымша тетіктер енгізілетін болады — бұл сыртқы нарықтарда отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

«Жалпы алғанда, 2015–2019 жылдарға арналған Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының мақсаттарына қол жеткізумен қатар Қазақстанның Ұлттық экспорттық стратегиясын сәтті іске асыру Мемлекет басшысының 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспорт көлемін екі есеге ұлғайтуға байланысты берген тапсырмасын табысты орындауға жол ашады», — деді Ж. Қасымбек.