03 там, 2017 сағат 16:49

Қазақстан имамдарына қанша жалақы төленеді

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Қазақстан имамдарының жалақы мөлшерін жариялады, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Үлкен қалаларда имамдардың тұрмыстық жағдайы біршама тұрақты болса, шалғай және шағын елді мекендерде олардың жағдайы нашарлау. Имамдардың жалақысы тікелей садақа жәшіктеріне түскен қаражатқа байланысты болады. Мәселен, кей ауылдарда мешіт имамдарына 20 мың теңге жалақы төленеді», - деді Н.Ермекбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Министрлік келтірген деректерге сәйкес, қалалық және облыстық мешіттерде имамдардың айлық жалақысы 70 мыңнан 80 мыңға, аудандық мешіттерде - 40 мыңнан 50 мыңға, ауылдық мешіттерде - 20 мыңнан 30 мың теңгеге дейін бекітілген. Бірақ, аталған жалақы көлемі де тұрақты емес. Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы имамдардың еңбектері мен мешіттердің қызметкерлеріне төлейтін арнайы қаражатты ресми түрде бөлмейді және өз бюджетінде бұл мәселе қарастырылмаған. Жергілікті әкімдіктер ҚМДБ өңірлік бөлімдеріне тұрақсыз және жүйесіз түрде көмек көрсетеді.

«Мұндай аз әрі тұрақсыз жалақымен имамдар қоғамдық қауіпсіздікпен тығыз байланысты күнделікті міндеттерін толығымен атқара алмайды. Білікті имамдарды ауылдық мешіттерге тарту қиындық туғызып жатыр. Оның үстіне имамдардың көпшілігі орта біліммен ғана шектелген. Бұл имамдардың аудиториясын кеңейтуге және деструктивті діни ағымның өкілдеріне қарсы тұруға мүмкіндік бермейді. Осындай теріс факторларды деструктивтік діни ағымдардың өкілдері дәстүрлі ислам дінінің беделін әлсіретуге және діндарлар арасында өздерінің ықпалын арттыру үшін тиімді қолданады», - деп толықтырды министр.

Сонымен бірге, министр имамдардың тұрмыс жағдайын қамтамасыз ету - мамыр айында құрылған «Уақып» қорпоративтік қайырымдылық қорының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Қазіргі уақытта республика бойынша 158 имамның жетіспеушілігі сезіліп отыр. Әсіресе, Ақмола облысында - 40 имам, Оңтүстік Қазақстан облысында - 37 имам және Шығыс Қазақстан облысында -  20 имам қажет.