05 нау, 2018 сағат 15:08

Қазақстан даму банкі Астананы газдандыруға қаражат бөлуге дайын

Қазақстан даму банкі Астанаға газ құбырын тарту жобасын қаржыландыруға ниет білдіріп отыр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында аталған қаржы ұйымының басшысы Болат Жәмішев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Барлықтарыңыз да Мемлекет басшысының Үкіметке берген тапсырмаларын білесіздер. Қазіргі уақытта үкімет еліміздің солтүстік өңірлерін газдандыру мәселесімен айналысып жатыр. Мұның зиянды қалдықтарын төмендетуге үлкен үлес қосарлығы сөзсіз. Біз аталған жобаның барлық аспектілерін егжей-тегжейлі білмейміз. Себебі оны құрылымдаумен айналысып жатқанымыз жоқ», - деді банк басшысы.

Оның айтуынша, Қазақстан даму банкі іс жүзінде дайын жобалармен жұмыс істейді және оларға кредитор ретінде қарайды.

«Сондықтан да банк ретінде бізге еліміздің солтүстік өңірлерін газдандырумен байланысты жобаларға қатысу қызықты. Дегенмен, барлығы да жоба экономикасының қандай болатындығына, нарықтық жағдайда қаржыландыруға қандай сұранысының болатындығына байланысты», - деді Болат Жәмішев.

Айта кетейік, бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астананы газдандыру мәселесін 1-1,5 жылда шешуді тапсырған болатын.