18 қаз, 2017 сағат 14:32

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етеді

2018 жылдың қаңтарынан Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ететін болады. Бұл туралы бүгін Ақордада Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елші болып тағайындалған бірқатар шетелдің дипломатынан сенім  грамотасын қабылдаған Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«2018 жылдың қаңтар айында біздің ел БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне бірінше рет төрағалық ететін болады. Осы халықаралық орган аясында біз барлық әріптестермен табысты жұмыс істеуге ниеттіміз», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Елбасы Қазақстанның бүгінгі экономикасы іскерлік ынтымақтастыққа кең мүмкіншілік, зор әлеует ашып отырғанын баса айтты.

«Біз шетелдік әріптестермен сауда-экономикалық қарым-қатынасымызды  нығайтуға мүдделіміз. Қазақстанда Еуразиялық экономикалық одаққа, Орталық Азия мен Қытай нарығына шығатын инфрақұрылым қалыптасты. Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының, Еуропалық одақ пен Азияның көптеген елдері үшін визасыз режім енгізілді», - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев инвесторлар мен бизнесмендердің  өзара тиімді іс-қимыл орнату мақсатында елімізде Қазақинвест, Қазақэкспорт ұлттық компаниялары құрылғанын еске салды.

«ЭКСПО-ның мұрасы ретінде бірнеше ірі нысандар жұмысын бастайтын болады. Олар: Астана халықаралық қаржы орталығы, Жасыл технологияларды дамыту жөніндегі  БҰҰ-ның халықаралық орталығы және ІТ-стартаптардың халықаралық технопаркі. Сіздердің елдеріңіз осы жобаларды іске асыруға белсенді қатысады деп сенемін», - деді Елбасы шетелдік дипломаттарға қарата.