15 мау, 2017 сағат 11:48

Қазақстан әзербайжандық банктен зейнетақы қаржысын қайтару шарттарын анықтайды

Қазақстан әзербайжандық банктен зейнетақы қаржысын қайтару шарттарын анықтайды. Бұл ретте еліміз қарызды қайта құрылымдау бағытындағы үш нұсқаның бірін таңдап алуы тиіс, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Дауыс беру процедурасы таяу уақытта ашылуы тиістігін атап өткім келеді. Бұл әзербайжандық тарап өткізетін ішкі процедураларға, сотқа байланысты. Үкімет те, Ұлттық банк те қайта құрылымдау тәуелсіз құнды қағаздарға айырбас арқылы жүргізілуі тиістігін қолдайды. Яғни, Қазақстан Республикасында шығарылған құнды қағазға және соған сәйкес біз іріктеп алған опция болады. Бұл Әзербайжанның мемлекеттік құнды қағаздарын, 5 проценттік мөлшерлемемен 7 жылға алуды көздейді. Біз мұны барынша оңтайлы нұсқа деп есептейміз. Дегенмен ақша жағынан үш нұсқа бірдей», - деді ҚР Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев Астана экономикалық форумы аясында ұйымдастырылған брифинг барысында.

Естеріңізге сала кетсек, Үкімет отырысында дәл осы мәселеге қатысты ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевқа есеп берген болатын.

«Біздің басты мақсатымыз жағымсыз салдарларды мейлінше азайту және БЖЗҚ салымшыларының мүддесін қорғау, сонымен қатар 250 млн доллар сомасындағы негізгі қарыздың сақталуын қамтамасыз ету. Келіссөздер барысындағы біздің басты ұстанымымыз осындай. 23 мамырда Лондонда өткен кездесуде қарызды қайта құрылымдаудың үш нұсқасы айтылды. Әзербайжан банкінің 250 млн доллар сомасындағы міндеттемелерін 5,125 проценттік мөлшерлемемен 12 жылдық мерзімге 200 млн доллар болатын Әзербайжанның мемлекеттік бағалы қағаздарына алмастыру. Екінші нұсқа - 250 млн долларға пара-пар 3,5 проценттік мөлшерлемемен 15 жылға Әзербайжанның мемлекеттік бағалы қағаздарына алмастыру. Үшінші нұсқа - осы банктің 250 млн доллар тұратын жаңа шығарылған облигацияларын 3,5 проценттік мөлшерлемемен 7 жылға алу. Барлық нұсқаларды талдай отырып, ҚР Ұлттық банкі мен Үкіметі өкілдерінен құралған комиссия Қазақстан салымшылары үшін ең тиімді нұсқаны таңдап алады», - деп атап өткен еді Б. Сұлтанов.