16 там, 2018 сағат 18:03

Қытай қазағын Қазақстан азаматымен неке құрғаны үшін бір жарым жыл қамауда ұстаған

Ақорда ғимаратының алдында отырып "Назарбаев ата, әкемді қайтарып беріңізші!" деп жылаған бала талайдың көңілін босатқаны анық. Назарларыңызға мәселенің мән-жайын кішкентай Ақжолдың анасынан білген Hola News порталының сұхбатын ұсынамыз.

Hola News: Шынар, алдымен мәселенің мәнін ашып алайық. Сіздің балаңыз неге өз әкесін қайтаруды президенттен сұрап жүр? Оның әкесі қазір қайда?

Шынар Қылышбаева: Менің жолдасым, Ақжолдың әкесі Жарқынбек Отан - Қытай Халық Республикасының тумасы. Алайда соңғы он жылда Қазақстанда тұрып, осында жұмыс жасаған. 2016 жылы Қытайға кетіп, содан қайтып оралған жоқ. 

HN: Жұбайыңыз Қазақстанға қашан келіп еді? Қазақстан азаматтығын алып па еді?

Ш.Қ. : 2006 жылы Қазақстанға көшіп келген. Бірақ ықтиярхатпен (уақытша куәлік) жүрген болатын. 2012 жылы біз отбасын құрып, 2013 жылы Ақжол дүниеге келген. Қазақстан азаматтығын алмақ болып, құжат жинай бастады. Бірақ Талдықорғандағы көші-қон басқармасы уақытша тіркеуден шығарып тастап, Қытайдан сотталмағаны туралы қағаз алып келсін деген талап қойған.

HN: Сонда жұбайыңыз Қытайға сол құжатты алуға барды ма?

Ш.Қ. : Иә. Сол құжатты алам деп Қытайға барған. Бірақ ол жақта ондай құжат берілмейді екен. Ол екі арада сол құжатты алам деп әбден жүгірді. Ақыры аяғында Қытай билігі сол қағазды береміз деп басқа құжаттарын алып алған. Сондықтан біз оны екі жыл көре алмай келеміз.

HN: Сол жақта туыстары қалған кісілер Қытай-Қазақстан шекарасына барып кездесуге болады деп айтады. Ондай мүмкіндік болды ма?

Ш.Қ. Жоқ. Ондай мүмкіндік мүлдем болмады. Біз 2016 жылы бір-екі ай Wechat арқылы сөйлесіп жүрдік. Бірақ кейін ол мүлдем хабарсыз кетті. Тек жиырма күн бұрын ғана, яғни шілденің аяғында онымен қайта байланыстық.

HN: Ол бір жылдан астам уақыт қайда болған?

Ш.Қ. : Жиырма күн бұрын сөйлескенде, "Қытайдағы саяси үйрену лагерінде болдым" деді.

HN: Оны қандай айыппен саяси оқуға жіберген? Ол Қытайда жұмыс істеп немесе мемлекетке қарызы болды ма?

Ш.Қ. : Жоқ. Ол тек Қазақстанда аспаз болып жұмыс жасаған. Қытайда ешқандай жұмысы да, қарызы да болмаған. Оны өзге елде отбасың, балаң бар деп айыптап, "типтік екі жүрек" деген желеумен отырғызған екен.

HN: Күйеуіңізді осы бір жарым жыл бойы іздедіңіз бе? Қандай іс-әрекеттер жасадыңыз?

Ш.Қ. : Әрине, іздедім. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне, Қытай консульдығына, қоғамдық ұйымдарға өтініштер жазып, арыз тастадым. Соңғы жарты жылда Астана мен Алматының арасында жүрдім деуге болады. Сыртқы істер министрлігінде осындай мәселелермен айналысатын бөлімге талай бардым. Тіпті Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың да қабылдауында болдым. Пайдасы тиеді-ау деген құзырлы органдардың барлығының табалдырығын тоздырдым. 

HN: Енді кішкене Ақжолға келсек. Ақорданың алдында бейнежазба түсіру кімнің идеясы? Жалпы бұл бейнежазбадан кейін қандай да бір өзгеріс пайда болды ма? Оның пайдасы тиді ме?

Ш.Қ. : Бұл менің ойым болатын. Астанаға кезекті рет барып, арыз тастамақ болғанда, Ақорданың жанынан өтіп бара жатып түсірдік. Алдымен ондағы сақшыларға жағдайымызды түсіндіріп, рұқсат алдық. Қоғам көзқарасы өзгерді деп ойлаймын. Себебі көпшілік бұл видеоны жылдам таратып жіберді.

HN: Оң пікір айтылған жерде, теріс көзқараста болып жатады. "Кішкене баланы пайдаланды" деп, бұл бейнежазбаға сыни пікір айтқандар да бар. Оларға не деп жауап берер едіңіз?

Ш.Қ. : Шынымды айтсам, ондай адамдарды түсінбеймін. Мен баланы қинаған жоқпын. Ол барлық сөзді өзі айтып берді. Соңғы рет әкесін үш жарым жасында көрген. Қазір жасы бесте. Өзге балалардың әкелері барын көргенде, оның жүрегіне де қаяу түседі ғой. Тіпті осы жағдайлар баламды ерте есейтіп жіберген сияқты. Кейде мен қиналып жылағанда, балам бірге жылап, сосын жұбата бастайды. Сыни пікір жазғандар балаға әке керектігін ұмытпаулары керек.

HN: Жолдасыңыздың елге қайтып оралатынына үміт бар ма?

Ш.Қ.: Біздің үмітіміз ешқашан үзілген емес. Соңғы бір жаңалықтардан Сыртқы Істер министрлігі 700-ге жуық қазақты Қытайдан қайтарады дегенді естіп, солардың арасында күйеуім бар шығар деп үміттенемін. Алайда ол саяси үйренуден шыққалы бері, Қытай билігі сақшылардың әскери киімін кигізгенін естіп, күдіктеніп қалдым. Себебі ол жақтан мемлекетке қызмет істегендерді шығармайды ғой. Қазір бар сенерім - Қазақстанның билігі. Біздің дипломаттар жағдайды оң шешеді деген ойым бар.

HN: Күйеуіңіздің қайтып келуіне тілектеспіз. Алайда алда-жалда басқа жағдай болып қалса, не істемек ойыңыз бар?

Ш.Қ. : Қазір қорғаушы жалдап отырмын. Егер күйеуім осы айдың аяғына дейін қайтып келмесе, Халықаралық ұйымдарға шағымданамын. Біздің заңды некеміздің күші мен баламыздың құқығын ешкім аяққа таптамауы керек.

HN: Сұқбатыңызға рақмет.