21 мам, 2020 сағат 19:40

Қазақстан Ауғанстанға азық-түлік жіберді

Қазақстан Ауғанстанға азық-түлік көмегін жіберді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

«Қазақстан көршілес елдерге гуманитарлық көмек көрсетеді. Жақында Үкіметтің Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету туралы қаулысы шықты. Ауғанстанға азық-түлік көмегі жіберілді. Жалпы әр мемлекет өз мүмкіндігінше, медициналық құралдар мен азық-түлік сынды көмек беріп жатыр», - деді ҚР Сыртқы істер министрлігі Таяу, Орта Шығыс және Африка департаментінің директоры Ержан Мұқаш Нұр-Сұлтан әуежайында. 

Еске сала кетсек, бүгін Нұр-Сұлтанға «Qatar Airways» әуе компаниясының арнайы рейсімен 9 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді. 

Коронавирус пандемиясы кезінде Қазақстанға БАӘ, Қытай, Үндістан, Пәкістан, Ресей және Түркиядан гуманитарлық көмек келді.