25 нау, 2019 сағат 14:23

«Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясы астана атауын өзгерту туралы шешімге қолдау білдірді

Бүгін Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының астанасын Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта атауға қолдау білдіру мақсатында Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының отырысы өткізілді.

Жиынды ашқан «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары қазіргі таңда Қазақстан халқының тарихи кезеңді бастан кешіріп жатқанын айтты. Сондай-ақ ол Елбасының өзінің президенттік өкілеттігін тоқтату туралы шешімі бір сәтте қабылданбағанын, ол үшін Тұңғыш Президентіміз ұзақ ойланып, барлық мәселені саралап, салмақтағанына назар аударды.

– Қазақстан халқы үшін Тұңғыш Президентіміздің есімі әрдайым мемлекеттілік, егемендік және Тәуелсіздік сияқты аса маңызды құндылықтармен бір қатарда тұрады. Қазірдің өзінде Елбасының есімі тәуелсіз мемлекетіміздің негізін қалаушы, барлық реформалардың авторы, әлемдік деңгейдегі саясаткер ретінде тарихымызға алтын әріптермен жазылатыны сөзсіз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Елбасының ерік-жігері мен табандылығының арқасында тәуелсіз мемлекет болып қалыптасқан Қазақстанның барлық жеңістері мен жетістіктері Тұңғыш Президентіміздің есімімен тығыз байланысты екенін тілге тиек етті. Сондықтан Мәулен Әшімбаев Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы уақытта да Елбасы, Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, Конституциялық Кеңестің мүшесі ретінде елдің стратегиялық дамуына айрықша ықпал ететін ұлы тұлға болып қала беретініне назар аударды.

Сондай-ақ ол елорда атауын өзгерту Елбасы саясатының мызғымастығының жарқын көрінісі екенін айтты.

– Бас қалаға Тұңғыш Президентіміздің есімін беру арқылы біз барша қазақстандықтар мен халықаралық қауымдастыққа еліміздің даму жолында Елбасы саясаты одан әрі жалғасатынын көрсетеміз. Сондықтан бұл шешімді қолдай отырып, мұндай маңызды қадамды халықтың Елбасының тәуелсіз Қазақстанның негізін қалап, астанамызды салудағы ерен еңбегіне көрсеткен зор құрметі деп қабылдаймыз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Отырысқа Коалиция мүшелері: елдегі жетекші партиялардың басшылары, Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының, кәсіби және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Іс-шара соңында барша қазақстандықтарды Қазақстанның Тұңғыш Президенті айқындаған елдің стратегиялық басымдықтарына сөзбен де, іспен де толық қолдау көрсетуге және Елбасының Тәуелсіздікті күшейтуге, елді жүйелі жаңғыртуға, сондай-ақ, әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған саясатын бірлесіп жалғастыруға, астанамыздың атауын өзгерту туралы тарихи шешімге үн қосуға шақырған Үндеу қабылданды.