21 сәу, 2020 сағат 15:13

Қазақша терминдерге қатысты онлайн байқаудың жеңімпаздары марапатталды

Бүгін «Қазақы терминдерді халық жасайды» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы 1-18 сәуір аралығында «Қазақы терминдерді халық жасайды» республикалық байқауын өткізді. 

Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, қазақ тіліндегі терминдердің үлес салмағын арттыруға үлес қосу мақсатында ұйымдастырылған байқауға 14 талапкер қатысты. 

Байқауға қатысушылар бірінші кезеңде (1-5 сәуір аралығы) өздері жасаған 5-10 терминді ұсынды. Сайтта, әлеуметтік желіде көпшіліктің дауыс беруі және қазылар алқасының шешімімен 5 байқау қатысушысы келесі кезеңге өтті. Екінші айналымда (7-12 сәуір аралығы) қатысушыларға 10 шет тілдік терминнің қазақ тіліндегі сәтті аудармасын жасау тапсырылды. Бұл кезең қорытындысы бойынша Серік Ерғали, Нұрлан Шүленбаев, Ақылбек Шаяхмет қорытынды кезеңге жолдама алды. Үшінші кезеңде (13-18 сәуір аралығы) қатысушылар мәтін ішіндегі шет тілдік салалық терминдердің қазақша баламасын жасады. 

Байқау шартына сай қазылар шешімімен 362 ұпай жинаған Ақылбек Шаяхмет ІІІ орынды иемдеді. Ал ІІ орынды 367 ұпаймен Нұрлан Шүленбаев еншілесе, І орынға 370 ұпай алған Серік Ерғали лайық танылды. 

Онлайн марапаттау рәсіміне ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің вице-министрі Н.Дәуешов қатысып, жеңімпаздарға құттықтады. 

«Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты онлайн ұйымдастырылған байқауға қатысушылар термин сөздердің мағынасына үңіліп, ұтымды ұлттық атаулар ұсына білді. Талапкерлердің термин табиғатын түсініп, сөзжасам, терминжасам тәсілдерін дұрыс пайдаланғандықтарын мамандар жақсы бағалады. Сондықтан осындай білім мен біліктілікті қажет ететін байқауға қатысып, үздік нәтижеге жеткен жеңімпаздарды құттықтаймын. Алдағы уақытта да ұлттық терминқордың дамуына үлестеріңізді қосатындықтарыңызға сенімдімін», - деді ол. 

Шара барысында байқаудың екінші кезеңінде белсенділік танытқан талапкерлерге де министрдің арнайы алғысхаты табысталды.